начать обучение
РЕГИСТРАЦИЯ
Войти в кабинет

Полезно знать

Даналық мәйегі

1 октября, 21:20

Мөңке биден қалған сөз

Құрамалы қорғанды үйің болады.

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа келтірер пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ішіне шынтақ айналмайтын,

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын,

Бежірей дейтін қызың болады.

Алдыңнан кескестеп өтетін,

Кекірей дейтін келінің болады.

Ішкенің сары су болады.

Берсең ит ішпейді,

Адам соған құмар болады.

Домалақ түймедей дәрің болады.

Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.

Ертеңіне көнбейтін күнің болады.

Бетіңнен алып түсетін інің болады.

Ала шұбар тілің болады.

Дүдамал дау-дікің болады.

Қиналғанда шапағаты жоқ,

Жақының болады.

Ит пен мысықтай ырылдасқан,

Еркек пен қатын болады.

Қарынның пайдасынан аспайтын

Ақылың болады.

Белгісіз біреулерді мадақтайтын,

Ақынның болады.

Халқының қанын сорған,

Арамдар болады.

Қабағын түйіп қайыр сұрайтын,

Адамдар болады.

Қалтаңа салып жүретін

Боғың болады.

Аузыңда дайын тұратын тоғыз

Жоғың болады.

Сарылып көлік тосасың,

Құнсыз қағазды судай шашасың.

Бұл сөзімді халқым кейін-кейін...

Барып ұғар-ау.

Егер ұқса,

Түзу жолға шығар-ау.  Ойланыңдар, түзеліңдер!

 

 

Төле би айтыпты...

Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келген Әнет баба ынтымак, елбірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде де бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба, әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

Балам мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай – бұлай иіп сындыра алмайды.

Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп, пырт – пырт оп – оңай сындырып береді. Әнет баба:

Бұдан не түсіндің, балам? – дейді

Сонда Төле бала:

Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды, «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп – оңай алады» дегеніңіз ғой.

Бәрекелді балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, - депті.

 

***

Елді Қазықұрт тауының бөктеріне көшіп қонып жатқан көктеу кезі екен. Бір күні Төленің әкесі Әлібек биге екі дауге жүгіне келіпті. Біреуі:

Қырдан қуып індеткен түлкіме мынау таласып, бермейді – дейді. Екіншісі:

Сыртынан жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі менікі. Екеуі осылайша біраз дауласады. Әлібек би даугерлердің сөздерін тыңдап алған соң, баласына сілтеп, «мұның билігін Төле берсін» дейді. Даугерлер Төлеге келсе, ол бір шыбықты ат қылып, Бір шыбықты қамшы қылып, далада «айт, шулеп» ойнап жүр екен. Алдына келіп дауларын баяндаған соң, бала:

Түлкі арлан болса сенікі, - дейді, «жер менікі» деген жігітке. Баланың бұл билігіне түсінбей әлгілер әкесіне қайтып келеді. Балаңыздың сөзіне түсінбедік...

Төлежан төрелігін дұрыс берген екен, - дейді Әлібек би.

Түлкінің ұланы түз сақтайды, ұрғашысы ін сақтайды. Түлкі еркек болса, сенікі, сенің қырдан қуып келіп, індеткенің рас, түлкі саған тиеді, ал ұрғашысы болса, жер иесі саған тиеді.

 

***

Батыр деген – барақ ит,

Екі долы қатынның бірі табады.

Би деген – бір бұлақ.

Қатынның ілуде бірі табады.

 

***

Атың жақсы болса,

Ер-жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

Қызың жақсы болса,

Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

Үшінші – ырысыңның тұрағы.

 

         ***

Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,

Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.

Ағайынға ала көз бола қалсаң,

Аузыңнан несібеңді біреу жемек.

 

         ***

Кедейге де бақ қонатын күн болады,

Біреудің өтірігі шын болады.

Батырдан бақ қайтатын күн болса,

Қанша тауып айтса да мін болады.

Қаңғыртса ханның қызы ханшаны,

Бақытсыз бір бейшара күң болады.

 

***

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім.

Ұқпасқа айтқан сөз жетім...

Көре алмаған көз жетім.

 

 

Қаздауысты Қазыбек би айтыпты...

Бұхар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұқар жырау:

— Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, — деген екен.

Сонда Қазыбектің берген жауабы:

Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніңіз — үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.

Төрт дегеніңіз — төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.

Бес дегеніңіз — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.

Алты дегеніңіз — аймағын билей алмаған адам жаман.

Жеті дегеніңіз — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.

Сегіз дегеніңіз — бастаған серкесіз қой жаман.

Тоғыз дегеніңіз — толғанғаныңыз.

Он дегеніңіз — өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

 

 

 

Әйтеке би айтыпты...

Ертеде Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бір өлген кісінің құнын даулап Алшының еліне барады. Дау ұзаққа созылып, жуық арада бір бітімге келе қоймайды. Сонда есік жақта отырған жігіт:

Асқар тау сенде бір мін бар,

Асауға жол бермейсің

Тасқын су сенде бір мін бар,

Өтерге өткел бермейсің.

Ау, билер, сендер де рас мін бар,

Басқаға сөз бермейсің – деп орнынан тұрып жүре беріпті.

Сөз сыңайын байқаған Қазыбек би:

Шақырыңдаршы ана жігітті? – дейді, жігіттер оны қайта ертіп келеді.

Шырағым, қай баласың? Аты – жөнің кім? – деп сұрайды Қазыбек. Сонда әлгі жігіт бөгелместен:
Әкемді сұрасаң - жетесіз,
Шешемді сұрасаң – некесіз.
Тау салған бір баламын,
Тегімді сұрап нетесіз?!- депті.

Жігітім, сөзің жетті. Енді осы даудың билігін өзіңе бердім, өзің шешіп тындыршы, - дейді Төле би. Сонда Қаражігіт қасқайып тұрып:

Алты алқасын арқалап жүргенді кім көріпті? Жеті атасын жетелеп жүргенді кім көріпті? Ескіріп кеткен дау екен, бірақ құр қайтасыңдар ағалық назаларына қалармын. Ердің құны жүз қара ғой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша торпақ берсін. Соған разы болыңдар?! – дейді.

Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, өзара келісім тарқасыпты. Бұл - Әйтекенің жігіт шағындағы айтқан бір төрелігі екен.

 

 

 

Бәйдібек Би

Боралдайдың бір байы мен жалшысы дауласып, Бәйдібек биге барыпты. Бұл кезде Бәйдібек бидің жігіт шағы екен. Бай айтыпты: «Өзім асырап, есігіме салған құлым еді. Ауқат беріп әлдендірдім, ескімді беріп киіндірдім. Соған місе қылмай енді менен ат дәметеді.

Би жалшыға сөз беріп:

Кәне, сен сөйлеші, - десе, әлгі жалшы өте момын, жалтақ болса керек, байға жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Ал, бай болса, оған көзін алартып қояды. Жалшының бұл халін сезе қойған Бәйдібек би:

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар

Ал, тілге кісен салуға болмас, - деп жалшыға араша түсіп, ақысын алып беріпті.

 

Жанкісі би

Бөгенбай батыр мерт болғанда оны Абылай ханға кім батылы барып есіттіру айтады дегенде сол Жанкісі жырау мен барамын деп, шыққан екен. Жанкісінің Қоқан ханына айтқаны:

Ассалаумағалейкум,

Алдияр тақсыр ханымыз.

Алдыңа келді қарашаң,

Арызын қабыл алыңыз,

Өтірік болса арызым,

Мінеки, сізге жанымыз,

Өзіңіз қосқан зекетші,

Біздің елде Жүзбай бар.

Жүзбайдың жүрген жерінде,

Жылауменен ойбай бар.

Және мұның жолдасы,

Қаратамыр Дадан бар.

Еріп жүрген соңында,

Қырық - отыздай адам бар.

Шоңмұрын деген молдасы бар,

Төлеген деген жорғасы бар,

Атына жемді салуға,

Алты еннен қылған дорбасы бар.

«Келі түбім» деп алады,

«Кеусенім» деп алады,

«Отыра зекет» деп алады.

«Құшақ зекет» деп алады.

Арқадан келген сор найман,

Аң - таң болып қалады.

Айтайын десең ұрады,

Ұрмақ түгіл қырады.

Қаумалаған көп момын,

Қорлаушыдан құтылар,

Амал - айла таба алмай,

Қарайда да тұрады.

Алдына салып айдайды,

Ашулансаң байлайды.

Әкімі жоқ қазаққа,

Теңдік жоқ деп ойлайды.

Алса малға тоймайды,

Біз ішінде ажарлы,

Қыз - қатынды қоймайды.

Жақсыларды сөгеді,

Ат үстінен тебеді,

Жүрексініп отырмын,

Айтар сөзім көп еді...

 

 

Жидебай мен Қараменде сөздері

Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты. Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, бір жігіттен сәлем жолдайды. Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.

Бес ауыз бір сөзім:

Төрт нәрседе үміт бар.

Бір нәрседе үміт жоқ, –

Осыны айт дейді.

Алты ауыз бір сөзім:

Мұсылман жаудың қолында қалдым.

Бес атаның малын іздеп әуре болдым.

Алпыс ат үйір бермейді.

Жетпіс торғай шырылдайды.

Сексен балапан ұя басып жатыр.

Тоқсан жұмыртқа қашан жарылары белгісіз, – дейді. Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралап бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт Тобықтыға жетіп, Қараменде биді іздеп табады.

Біраз күн жатып, тынығып ел жайы, ер амандығына қаныққасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?» – деп сұрапты.

Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып көп толғанып ойланады. Біраздан кейін:

Төрт нәрседе үміт бар дегені: адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау, – дейді:

Жас өсемін деп үмітті,

Жалғыз көбейем деп үмітті.

Жарлы байимын деп үмітті,

Ауру жазылам деп үмітті.

Бір нәрседе үміт жоқ дегені:

– Шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен, – дейді.

Алты ауыз бір сөзім дегені:

Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені: «Бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойса балаға сонда ғана сыйымды болады», – депті.

Бес атаның малын іздеп әуре болдым дегені: «Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мұсуак, тәспих, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сыйпалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салынсын», – депті. (Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне калта салынбайды екен).

Алпыс ат үйір бермейді дегені: алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой;

Жетпіс торғай шырылдайды дегені – жетпісте торғайдай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.

Сексен балапан ұя басып жатыр дегені – сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.

Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін дегені – тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабырдамын, ақ дағдыр қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, – депті.

 

 

Асанқайғының арманы

Асанқайғы Желмаясына мініп, кең байтақ қазақ жерін түгел аралаған, «Жерұйық» дейтін жерді іздеп, сондай қалың орманды, көгорай шалғынды жерге халықты қоныстандырсам деп армандаған екен.

Асанқайғы Маңғыстауға барады, оның жерін түгел аралайды, «Маңғыстау мал баққан адамға өте жайлы қоныс екен», - деп баға береді.

Жетісуды көргенде: «Жетісудың ағашының басы толған жеміс екен, шаруашылыққа жақсы қоныс екен», - дейді.

Асанқайғы Тараз маңайын да аралайды, шығыс жағындағы Талас өзенін көреді, батыс жағындағы Келес өзенін көреді, сөйтіп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес, жерінде жайылған малға жұт болмас!» - дейді.

Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен, басыңа байлық қонар, халқын тоқ болар!» - депті.

Нарын-Самар аймағын көргенде: «Ей, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ, шаруаңа сақ бол!»- дейді.

Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймасаң, қой семірмейді», - деп, өзі осы өлкеде өмір сүріпті.

Асанқайғы шұрайлы қоныс, нулы өлке таба алмайды. Қартайған шағында ол Ұлытау өлкесін мекендеген екен.

(«Асыл сөз» кітабынан)

 

 

Жерден ауыр не?

Ерте заманда Балаби деген атақты адам болған екен. Ол қартайған шағында дос-жарандары мен туыстарын жинайды да, оларға мынадай сұрақ берді:

-  Жерден ауыр не?

Судан терең не?

Оттан ыстық не?

Көктен биік не?

 

Бұл төрт сұраққа ешкім де жауап таба алмайды. Содан соң туыстары мен дос-жарандары Балабидің өзіне: «Сұрағыңызға жауап  таба алмадық, шешуін өзіңіз айтыңызшы» - дейді. Сонда балаби былай дейді:

Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,

Судан терең дегенім – оқу, ғылым,

Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі,

Көктен биік дегенім – тәккапардың көңілі.

 

 

Жетестің сөзі

Ерте заманда қазақ жерінде Жетес деген тапқыр, өткір тілді, шешен адам болған екен. Бір үлкен жиын болады, сол жиында бір адам Жетеске: «Адамның, жердің, сөздің, пікірдің сәні неде?» - деп сұрайды. Сонда Жетес:

Адамның сәні – өнер, білім, ақылы,

Жердің сәні – жеміс-өнім, дақылы,

Сөздің сәні – өнегелі, өткір, нақылы,

Пікірдің сәні – ең пайдалы, мақұлы», -

деп жауап беріпті.

 

«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан

 

 

Бұқар жырау

Ата-ананың қадірін балалы болсаң, білерсің,

Ақ тәніңнің қадірін жаралы болсаң, білерсің.

Бостандықтың қадірін жазалы болсаң, білерсің,

Дәулеттінің қадірін мал кеткенде, білерсің.

Ажарыңның қадірін сән кеткенде, білерсің,

Тіршіліктің қадірін жан кеткенде білерсің.

Аңдып жүрген дұшпанды дәл жеткенде, білерсің.

другие статьи