начать обучение
РЕГИСТРАЦИЯ
Войти в кабинет

Полезно знать

Бұйым мен зат атаулары

5 октября, 11:02

Білезік – сәндік үшін білекке тағатын әшекейлі, бағалы бұйым. Жасалған материалдары мен түр-түсіне қарай алтын білезік, күміс білезік, құйма білезік, сом білезік, бұрма білезік, жұмыр білезік, топсалы білезік аталатын түрлері бар.

Сақина – алтын, күміс, түсті металдардан соғылған, кейде асыл тастардан көз салынған зергерлік бұйым.

Балдақ – алтыннан не күмістен соғылған, асыл тасты көзі жоқ, әшекейсіз шығыршық сақина.

Жүзік – қымбат металдан құйылып, сыртқы бетіне сіркелеу, лажылау, бағдарлау тәсілдерімен өте сәнді өрнектер отырғызылған және әсем күмбезделген, асыл тастардан бірнеше көз салынған, саусаққа киюге арналған зергерлік бұйым.

Жүзіктің бір алақанға бірнеше бауырлық орнатып, екі, үш, төрт саусаққа (бас бармақтан өзге)  қатар кигізілетін түрлері бар.

Құдағи жүзік – бір саусақтан бастап, екі, үш, төрт  саусақ қатар сұғылатын, үсті тұтас, дөңгелек пішінді, алтын, күміс, асыл тас көзді өте бағалы, қомақты, құдағиға сыйға тартылатын жүзік.

Қос (үш,төрт) бауырлы жүзік – екі (үш, төрт) саусаққа қатар киілетін жүзік.

Жасалу тәсілдері мен материалдарына қарай алтын жүзік, күміс жүзік, мөрлі жүзік, көзді жүзік, күмбезді жүзік, шытырлы жүзік аталады.

Сырға - әртүрлі қымбат металдардан, асыл тастардын көз қондырып соғылған, құлаққа тағатын әшекейлі, сәнді зергерлік бұйым. Сырғаның сыртқы пішіні халық зергерлік өнерінің үздік үлгілерін сақтап, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпына, салт-санасына сәйкесті өрнектермен безендіріледі.

Сәукеленің сырғасы (сабақ, сабақты сырға) - салпыншағы мол, ұзын, ауыр, тек салтанатты кезде жіп байлап шашқа, сәукелеге бекітетін сырға.

Алқа – мойынға, омырауға тағатын, асыл тастармен әшекейленген сәнді бұйым.

Өңіржиек – үзбелеп салпыншақтар тағып, асыл тастардан көз орнатқан, көйлек сыртынан омырауға тағатын әшекейлі, қымбат бағалы сәндік бұйым.

Шолпы – қақталған күмісті үшбұрыштап, ортасына асыл тастардан көз отнатқан, шынжырлап күміс тиындар, қоза, қоңырау, тұмарша таққан сәндік бұйым. Бұрымды бекітеді және ұзарғандай әсер береді. Шолпының атауы жеткілікті: көзді шолпы, сылдырмақ шолпы, маржанды шолпы т.с.с.

Моншақ – бір немесе әр түсті әдемі асыл тастарды тесіп, жібек жіпке тізіп мойынға тағатын, сәукелеге, тақияға, өзге де бас киімдерге қадайтын не салбырата іліп сәндейтін әшекей бұйым.

Қапсырма – бағалы металдан, көбінесе күмістен әшекейленіп жасалған, өрнектелген, асыл тастардан көз салынған, астыңғы бетінде камзолдың, кәзекейдің, бешпеттің өңірін қапсыратын ілгешегі бар сәндік бұйым.

Шашбау – күмістен қақталып соғылып, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын, күміс теңгелер, маржан,  меруерт тастар қадалған шұбыртпа зер шашақты, ызылған баулы сәндік бұйым.

Шашбау атаулары: теңге шашбау, сөлкебай шашбау, тіллә шашбау, шашақты шашбау, күміс шашбау.

Шашқап – бұрымның жуандығына қарай пішіліп, ортасына өрнек жүргізіліп кестеленген, екі басы алтын, күміс зерлі қымбат металдан жасалған сәнді бұйым. Шашты бұрымды шаң баспау үшін, үй және түз шаруасымен айналысқанда тазалық сақтау мақсатында киеді.

Үкі аяқ – жоғары жағына асыл тас орнатып, үкінің аяғын алтын, күміспен құрсаулап тағатын сәнді бұйым.

Тұмар (бойтұмар) – асыл тастарды тізіп әшекейлеп, алтын, күміс жалатқан. Қымбат бағалы метал не былғары қорапша (үш бұрышты, кейде төрт бұрышты) ішіне тіл көзден, ауру-сырқаудан, пәле-жаладан сақтайтын дұға жазылған тәбәрік: ұлутас, үкі қауырсыны, киелі саналатын т.б. нәрселер салынады.

Айшық – жаулықтың шекелігене, сәукелеге қадайтын жарты ай, жұлдыз пішінді күмістен соғылған әшекей.

Жыға – алтынды, асыл тасты бас киім әшекей.

Басжақсы – сәукеленің әшекейлі бұйымдарының жалпы атауы.

Жақ – кимешектің екі бет тұсы мен иек астын ала тігілген оқалы, алтын, күміс шытыралы әшекей, сәнді кесте.

Жақтама – сәукелеге тағатын інжу, маржаннан жасалған төгілме моншақ.

Жақтау – күміспен, алтынмен апталған, жібек шашақтап жіпке тізілген, сәукеленің екі жағына бекітетін салпыншақ әшекей.

Жақ моншақ – алтын, күміс, асыл тастардан бұршақтап үзбелестіріп жасаған, келіншектер тағатын салпыншақты бас киім әшекейі.

Бет моншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадалатын бірнеше қатар төгілмелі моншақ.

Тал моншақ – тақияға бірнеше қатар тағылатын моншақ түрі.

Былқылдақ – бас киімге тағылатын үлкен маржан моншақ.

Шортас – бас киімге қадайтын асыл тас.

Қозотаға – лауазымды, текті адамдарлың бас киіміне қадайтын асыл тас, меруерт тас.

Қоза – сабақтары қызыл, көк, жасыл су моншақтардан жасалып, әр түрлі теңгелермен, сабақты түймелермен әшекейленген бұйым.

Шеттік – кимешектің жағына қадайтын әшекейлі күміс шатыра.

Шоқ – баскиімге тағылатын асыл тас, алтынды әшекей. Түрлері: алтын шоқ, бұрма шоқ, үкілі шоқ, шоқты т.б.

Қолазы – үкі қауырсынын ораған, сал-серілер бөрікке қадайтын әшекей.

Шырмауық – метал ілгекті бас киім әшекейі.

Тана – қыздардың тақиясына, бөркіне, киім омырауына, жағасына тағылатын асыл тастан жонылған не таза күмістен соғылған түйме тәрізді дөңгелек сәнді бұйым.

Есектас – бөрікке тағуға арналып өңделген, жонып қырланған көктас-әшекей.

Шытық – күміспен күптеліп шар тәрізді сәукеле әшекей.

Төбелдірік – сәукеле төбесіндегі тәж сияқты әшекей.

Маңдайша – сәукеленің маңдайына тағылатын асыл тасты күміс әшекей.

другие статьи