Бізге Абайдың тәлім беру әдісі қажет
Присоединяйся:

Читаем

Бізге Абайдың тәлім беру әдісі қажет

25 марта, 3:06

 

Бүгінде жалпы білім беру саласында шәкірттерге тәлім берудің шарттары мен талаптары күшейіп келеді. Осындай үрдіс арнайы діни оқу орындарында медресе колледждерінде де байқалуда. Бұл құптарлық әрі қуанарлық жағдай. Дегенмен, мұнда әлі де классикалық оқыту әдістерімен бірге қазіргі заман тәлім беру әдіс-тәсілдері көптеп еңгізіліп, оқытудың заманауй құралдарын тиімді пайдалана білсек, ұтарымыз көп.

Мысалы, заманға сай оқытудың әдіс-тәсілдері кейс, тренинг, вебинар, жағдаяттық мәселе (ситуационный вопрос), видеолекция, студенттерді шағын топтарға бөліп жұмыс жасау және т.б. Бұл оқыту әдістерінің барлығының мақсаты – шәкіртті, студентті жан-жақты дамыту. Оның дүниетанымын кеңейтіп, аяқ астынан туындаған мәселенің шешімін тез табуға бейімдеу, ойлау қабілетін күшейту, оның әмбебапты білімін жетілдіру, тапқырлық, шешендік секілді қабілеттерін дамыту сол сияқты т.б.

Әрине, ұстаз аталмыш тәлім берудің жаңа әдіс-тісілдерін діни пәннің мәні мен мазмұнына сәйкес қоданбақ. Алдымыздағы шәкірт қатаң қағидаттарды жаттап алумен ғана шектелмеуі қажет. Ол оларды өмірде, жамағат ортасында, халық алдында шеберлікпен қазіргі өмірмен сабақтастырып бере білуі талап қылынады.

Себебі олар келешек имамдар. Оларға жамағат тарапынан түрлі сұрақ келері даусыз. Ол үшін дәріс барысында көне кітаптарда айтылатын ортағасырдың мысалдарын емес, бүгінгі қоғамдағы, өмірлік жағдаяттармен керек болса медициналық мәселелермен ұштастырып отыру шарт. Оңды нәтижеге жету үшін жоғарыда аталған қазіргі заман тәлім беру әдіс-тәсілдерін тиісінше пайдаланып отырған жөн. Бастысы, шәкірттің дүниетанымын, ойлау қабілетін, тапқырлық пен зиректік қасиеттерін дамытуға көңіл бөлінуі керек.

Осы орайда дана Абайдан аларымыз әлі де көп деген ойға келемін. Мысалы, Абайдың баласы Әбішпен болған «Ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» деген әңгімесін алайық. Мұнда ақын Абайдың жай ғана әңгіме арқылы ақыл-ойды дамыту, шешім қабылдауға үйрету, айтқан пікіріңді негіздеуге дағдыландыру сияқты қабілеттерді шеберлікпен дамытып отырғанын байқаймыз. Сонымен:

«Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң, ол:

– Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? — деп сұрапты.

Абай сәл ойланып отырыпты да:

– Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген соң, Петерборға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келді. Сұрастырып байқасам, оқуы жақсы көрінеді. Баламның алымдылығын сынап білейін деп ойладым да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:

– Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? — деп сұраған едім.

Ол іркілместен:

– Ақ зат асыл ғой, – деді.

– Неге, қара зат асыл емес пе? – дедім мен.

Әбіш бетіме қарап күлді де:

– Қараны қалай асыл дейсіз? – деді.

Мен:

– Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе, – дедім.

– Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. Сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, — дедім.

Сонда Әбіш:

– Оның бәрін қалай білдіңіз? – деді.

– Ақылмен білдім, – дедім мен.

– Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе! Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? – деді.

Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскедім».

Дана Абайдың баласы Әбішке «Ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» деп қойған бір сұрақтың арқасында қанша пайдалы мәлімет алдық: «ақ заттың» қарадан артықшылығы, ақ түстің қара түстен асыл екендігі. Мұнда «ақ» деп отырғанымыз – адамның ақылы, парасаттылығы. Ал ақыл білім-ғылыммен қоректенеді. Ертедегі шығармаларда ғалымдар ақыл деп білімді меңзейтін болған. Ақылды адам оқиды, шоқиды, тәлімге жақын тұрады. Оның бойындағы білімі басқаларға шырақ болып, жарық түсіреді.

Сонымен қатар бұл сұрақ Әбіштің парасаттылығын көрсетті. «Ақыл жастан» демекші Әбіш өзінің жастығына қарамастан ақылының өткір екенін байқатты. Демек, тәлім беруде шәкіртке жас деп қарамай, теңмен сөйлескендей мәміле жасауға тиіспіз. Сондай-ақ, тәлім беруде бір жақтылық қана емес, қарама-қарсы (шәкіртпен) пікір алмасу, оның ойын білу, айтқан сөзін негіздеуге шақыру, шәкіртпен тең сөйлесу, диалог құру, ой қорыту, ойды дұрыс жеткізу, қателікті мойындау, түйіндеме жасау, жаттап алған ережені өмірде қолдана білу, сияқты т.б. оқыту әдістерінің маңызын зерделеген болдық. Аталған бұл дүниелер тәлім беру жолында әлі  де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Дереккөз: kazislam.kz

другие статьи