Слабовидящим
Поиск

Новости и объявления

Орфографиялық сөздік: азап па, мазақ па?

13 апреля, 19:55

 

Дамыған елдерде орфографиялық сөздіктер жиі жаңалана бермейді. Олар сөздіктегі нұсқаның тұрақтануын көздеп, нормаға айналуын мақсат етеді. Тілдегі жүйеге негізделген қандай да өзгеріс халық тарапынан мақұлданса, сол норма қалыптанып (кодификацияланып) кететіні, ол сауатты жазудың алғышарты болатыны белгілі. Қазақстандағы ахуалға келер болсақ, соңғы жылдары орфографиялық сөздік жиі шыққанымен, ел ол сөздікті пайдаланбайды, пайдаланғысы да келмейді. Әрине, соңғы шыққан орфографиялық сөздікті басшылыққа алып жазбағандықтан, қазіргі кезде қоғамдағы тілдік жағдаят өте ауыр. Сол себепті президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тілге реформа жасау қажеттігі туралы ойын толық құптаймыз. Иә, реформа жасайтын кез келді. Тілдегі жүйенің бұзылуына жол бермей, тіліміздің шынайы болмысын сақтап қалуымыз керек.

Латын әліпбиіне негізделген жаңа жазудағы емле ережесін талқылауға арналған Алматы, Қапшағай, Меркіде өткен жиылыстарда емлеге қатысты ойларымызды, орфографиялық сөздіктегі кемшіліктер туралы пікірімізді бірнеше рет айттық. «Егемен Қазақстанда» жарияланған емле ережелерінің жөнделіп, өзгертілуіне барынша атсалысып келеміз. Алайда «Тіл – қазына» орталығының хатшысы қызметін атқарып отырған, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжанованың басшылығымен құрылған орфографиялық топ мүшелері бізге сөз бермеуге тырысып, сөз берсе де, тыңдамай, айтқан пікірімізді құлаққа аспай келді. «Тіл – қазына» орталығының ұйымдастыруымен Қапшағайда, Меркіде өткен жиылыстарда сондай қарсылықтарға тап болдық. Уәжін айтып, дәлел келтіріп отырсақ та, топ мүшелері емле ережелерінің ұстанымдарын, жекелеген сөздердің орфографиясын дауысқа салып шешіп отырды. Тіл – жекелеген адамдардың меншігіндегі дүние емес. Сондықтан тілдегі жүйе, ішкі заңдылықтар бұзылып жатқан тұста өз пікірімізді қоғамдық талқыға салуды жөн көрдік.  

2005 жылдан бастап бірнеше орфографиялық сөздік жарық көрді. 2013 жылы жарық көрген орфографиялық сөздіктің жауапты редакторы, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли сөздіктің кіріспе сөзінде академиялық сипаттағы үлкен орфографиялық сөздіктің бесінші басылымы академик Р.Сыздықтың редакциялауымен 2005 жылы жарық көргенін айтады (Алматы: «Арыс» баспасы, 2005). Ендеше, аралықтағы (2006, 2007, 2009) сөздіктер не үшін шығарылды?

Орфографиялық сөздік дұрыс жазу нормаларын, қиындық тудырып жүрген сөздердің дұрыс жазылуын көрсетумен қатар тіліміздің байлығын, көркемдігін де танытуы керек. Алайда 2013 жылы жарық көрген сөздігіміздегі сөзтізбеде сөйлеу тіліне тән, жазу барысында қиындық тудырмайтын, жергілікті ерекшеліктер көп берілген: бажалақ, бажалаң, бажаң, бажаң қағу; бажаңдау; бажбалаңдау; байжанды (қарап.); байсыздық, байсымақ, байсыну, байсырау; бартылдау; барылдау; бастықсымақ, бастықсыну, басұрман, алдыңгүні, алқана-салқана (сөйл.), әйбат, әйгі, әйгі болу, әйдіңгер (үлкен, зор), әлтаман, бәкүн-шүкін (сөйл.)беймарал (жерг.), әйелсіреу, әйеншек, т.т. Сөздікте ұрлықшы;  ұрлықшылық, азғана, азғана ғана, т.т. қолданыстар берілген. «Күнделікті жазу тәжірибесінде» осы сөздік басшылыққа алынатындықтан, онда нормадан тысқары сөзқолданыстар берілмеуі керек.

Сөздік құрастырушылар бірқатар жаңа атаулар жасағаны, сондай-ақ қолданылып жүрген атауларды сөздікке енгізгені байқалады. Алайда ол сөздердің қандай мәнде қолданылатынын көпшілік түсіне бермейді. Мысалы, айдарбелгі, затбелгі, бейрат, бейтаупық;  бейтұрпатты, бейуаз, бейуайымдық, т.т. Тілімізде перзентсіз, тәртіпсіз, ынтымақсыз сөздері біршама қалыптасып, тұрақтанған. Сол себепті бейперзент,  бейтәртіп, бейынтымақ сөздері қандай мақсатта берілгені, қандай мәнде жұмсалғаны түсініксіз. Сөздікте тіліміздің жүйесіне сәйкес келмейтін, қате, жасанды қолданыс өте көп. Мысалы, ағашым (қаратпа), апашым (қаратпа), анаш (экспр.), әжеке (экспр.), бөбектай (экспр.), әпкеш (экспр.), бөпеш (экспр.), т.с.с.  Жат қолданыстың көбі етістіктерге қатысты. Олар қазақ тілінің табиғатын, ерекшелігін түсінбеуден туындаған. Қазақ тілінде өзгелік етіс кез келген етістіктерден емес, сабақты етістіктерден ғана жасалады. Түбір салт етістік болған жағдайда алдымен -ғыз/-гіз, -дыр/-дір, -ыт/-іт қосымшалары арқылы сабақты етістік жасалады да содан кейін ғана өзгелік етіс жасалады. Мысалы: сын, күл, жүр, отыр, қуан, т.с.с. салт етістіктерге жоғарыда аталған қосымшаларды жалғап, сабақты етістік жасап (сындыр, күлдір, жүргіз, отырғыз, қуант, т.с.с.), одан өзгелік етіс жасау үшін тағы да жалғауға болады: сындырт, күлдірт, жүргіздір, отырғыздыр, қуанттыр, т.с.с.  Бұл қосымшалардың (-ғыз/-гіз, -дыр/-дір, -ыт/-іт) жалғануында өзіндік заңдылық бар, бекерден бекер жалғана бермейді. Ал әзірлет, тапқыз, тапсыр, тапта, барғыз, бұйралат, балапандат, бақшит, т.с.с. етістіктер – өзгелік етіс, олардың үстіне тағы да қосымша жалғаудың қажеті жоқ. Алайда сөздік құрастырушылар тіліміздің осы заңдылығын ескермегені байқалады. Сондықтан тілімізге жат құрылымдар өте көп берілген: алдатқызу, әзірлеттіру;  тапқыздыру;  тапсыртқызу, таптатқызу;  барғыздырту, бұйралатқызу, бұйралату;  балапандатқызу, бақшитқызу, жардырту, жариялатқызу, белгілеттіру;  дайындаттыру;  бергіздіру;  бойлаттыру;  бастаттыру;  жіберткізу, үйгіздіру;  шапқыздыру;  айдаттыру, т.с.с. Қазақ тілінің заңдылығы бойынша, ырықсыз етіс қосымшаларынан кейін өздік етіс қосымшалары жалғанбауы керек. Себебі ырықсыз етіс іс-әрекетті жасаған адамды көрсетпейді, ал өздік етісте анық көрініп тұрады. Сол сияқты өздік етіс қосымшасынан кейін өзгелік етіс қосымшасы келмейді. Себебі екеуінің қызметі екі түрлі. Өздік етісте субъект қандай да бір іс-әрекетті өз ықтиярымен жасаса, өзгелік етісте басқа біреу жасатады. Логикалық тұрғыда  тұрғыдан алғанда да, бұл дұрыс. Ал сөздікте тілдегі жүйеге қайшы келетін қолданыстар молынан берілген: әкетіліну, бөленту, бөлінту, бусанту, жатталыну, бейімделіну, байқалту, байқалыну, айтылыну, т.с.с. Тіпті тілімізде бұлжытпай түрінде қалыптанып кеткен етістік де бұлжытылу түрінде өзгертілген. Қимыл атауы зат есіммен шатастырылып, қазақ тіліне жат қолданыстар берілген: жаңғырту, жаңғырту жасау. Бұл жердегі жасау етістігі артық.

Сөздік құрастырушылар қимыл атауына -шылық/-шілік қосымшасын жалғап, тілімізге жат құрылымдардың санын көбейткен. Мысалы: бөлшектенушілік, бақылаушылық, бөтеншілік, бөліп-жарушылық, азғындаушылық, балатуушылық, бастартушылық, бәлденушілік, белбайлаушылық, дандайсушылық,  дәріптеушілік, қимаушылық;  жеделдетушілік, балықөсірушілік, қолбайлаушылық, айналысушылық, айналысушылығы;  алалаушылық, т.с.с. Қазақ тілінде тұйық етістіктер қимылды атайтындықтан, оларға -шылық/-шілік қосымшасы жалғанбайды. Себебі -шылық/-шілік қосымшасы сөздерге жалғанғанда қандай да бір үдерісті атайды. Сондықтан қимыл атауына ол қосымшаны жалғау тілдегі жүйеге қайшы. Сөздік құрастырушылар -шылық/-шілік, -шылдық/-шілдік қосымшаларын -дық/-дік қосымшасының орнына (жарыстыра, қатар) қолданып, сөзтізбе санын көбейткен: бірдейлік, бірдейшілік, вегетериандық, вегетерианшылық, әмеңгерлік, әмеңгершілік, айуандық, айуаншылық, ақсақалшылық, ақылшылық, ақымақшылық, ақымақшылдық,  әдемілік, әдемішілік, адалдық, адалшылық, т.с.с. Сол сияқты -дық/-дік қосымшалы сөздермен қатар -дылық/-ділік қосымшалы сөздер де көп:  алақолдық, алақолдылық, әралуандық, әралуандылық, айқындық, айқындылық, ақжарқындық, ақжарқындылық, ақжүректік, ақжүректілік, алақолдық, алақолдылық,     балажандық, балажандылық, т.б. Орыс тілінің үлгісімен -ство қосымшасы арқылы жасалған сөздің қатарын көбейтудің қажеті жоқ. Себебі ол сөздер түбір тұлғада немесе  -дық/-дік қосымшасымен-ақ беріледі.

Сөздік құрастырушылар сөзтізбеге мысалдар жиыстырған кезде сол кезге дейін шыққан сөздіктердегі түрлі функционалды стильдердегі қолданыстарға сын көзімен қарап, дұрыс нұсқаны тұрақтандырып, қалыптандыруға тырысуы керек еді. Орфографиялық сөздік дұрыс жазу қағидаларын көрсететіндіктен, оған сөйлеу тіліндегі қолданыстардың бәрін кіргізе беруге болмайды. Орфографиялық сөздік көпшілікке дұрыс, сауатты жазуды үйрететін, тілдегі нормаларды танытатын сөздік болуы керек. Алайда сөздік ол талапқа сай келмейді. Себебі мұнда қате жазылған сөз өте көп: ішеқуыстылар (дұрысы: ішекқуыстылар);  уранинтке (дұрысы: уранинитке);   көшарығы (дұрысы: көншарығы);  үшендік (дұрысы: үшемдік);  құлдыққұрушылық (дұрысы: құлдықұрушылық);  палеотитті (дұрысы: палеолитті);  мотоатақыш (дұрысы: мотоатқыш);  митоциклі (дұрысы: мотоциклі);   паравоз (дұрысы: паровоз);   шуандығы (дұрысы: шуындығы);   ықпынға (дұрысы: ықпанға);  құрлым (дұрысы: құрылым);   солсоқ адам (дұрысы: селсоқ адам);  аюан, аюанға (дұрысы: айуан, айуанға);   айа райы жағу (дұрысы: ауа райы жағу);  боқсысын шығарды (дұрысы: боқысын шығарды);   ақпайілділігі (дұрысы: ақпейілділігі);  құрылыс банкісі (дұрысы: құрылыс банкі); слесары (дұрысы: слесарі);   бірайдым жер (дұрысы: бірайдам жер);   аборотқа (дұрысы: абортқа, т.с.с.

Орфографиялық сөздікте тілімізге жат, өзге тілдің ықпалымен жасалған, тілдегі нормаға сәйкес келмейтін сөздер мен сөз тіркестері берілмеуі керек. Алайда сөздік құрастырушылар оған мән бермеген сияқты. Қазіргі кезде жиі қолданылатын бүгінгі күні деген тіркес тіліміздің заңдылығына қайшы. Себебі бүгін сөзі бұл күн сөздерінің кірігуі нәтижесінде пайда болған. Орфографиялық сөздікте бүгінгі күні тіркесінің берілуі көпшіліктің осы қолданысты дұрыс деп қабылдауына себеп болады. 

Соңғы жылдары отбасы, Елбасы сөздері екі түрлі қолданылып жүр. Бұл сөздер орфографиялық сөздікте Елбасы, Елбасына, Елбасысы;  отбасы, отбасына, отбасысы, отбасылар түрінде берілген. Осы модельге келетін басқа да сөздер бар. Бұл жерде де сөздік құрастырушылардың тілдің заңдылығына немқұрайдылықпен қарағаны байқалады. Себебі отбасы, Елбасы, ауылбасы, әскербасы, базарбасы, байрақбасы, батырбасы, дінбасы, зынданбасы, қолбасы, қосағасы, мүлікбасы, т.с.с. сөздерді тұтас түбір ретінде қабылдаған жағдайда оған жалғанатын қосымша -на/-не түрінде емес, -ға/-ге түрінде жалғануы керек: балаға, шегеге, атаға, терезеге, т.с.с. -на/-не қосымшасы тәуелдік жалғаулы сөзге ғана жалғанады. Тілдік қолданыста оның отбасысы деп айтылмайды, оның отбасы деп қана айтылады. Себебі тәуелдік жалғауы үсті-үстіне жалғана алмайды. Тіліміздің дамуында тәуелдік жалғауы жалғанған күйінде қолданылып жүрген сөздер бар: әрқайсысы, ешқайсысы, бірде-бірі, кейбіреуі, т.с.с. Ол сөздер септелгенде әрқайсысының, әрқайсысына, әрқайсысын, әрқайсысында, әрқайсысынан, әрқайсысымен болады. Басқалары да осы үлгіге сәйкес септеледі. Ендеше, тілімізде бұрыннан бар жүйені сақтап, жоғарыда келтірілген атауларды соған сәйкес түрлендіруіміз керек. Сөздікте зат есімдер мен есімдіктер тәуелдік жалғаулы нұсқасымен қатар берілген, әрқайсысы, ешқайсысы сөздері осы тұлғасында ІІІ жақты білдіреді. Орфографиялық сөздіктегі норманы басшылыққа алсақ, әрқайсысы, ешқайсысы сөздерінің ІІІ жақтық тұлғасы әрқайсысысы, ешқайсысысы болар еді. Бұл тілдегі жүйеге мүлде кереғар. Әр, еш сөздерінің бірігуі арқылы жасалған есімдіктер тілімізде І, ІІ жақта да түрлене алады: әрқайсың, әрқайсыңа, ешқайсымызға, ешқайсымызды, ешқайсымыздан, ешқайсымызбен, т.с.с. Осы екі есімдікті беруде сөздік құрастырушылар тілімізде жоқ, жат қолданыстарды норма ретінде көрсетеді: әрқайсысымыз, ешқайсысымыз. Бұл қазақ тіліндегі жүйеге мүлде кереғар. Себебі әрқайсысы, ешқайсысы есімдіктері тәуелдік жалғаудың ІІІ жағында тұр. Сол тұлғасында бұл есімдіктер тәуелдік жалғауының І жағын қабылдай алмайды. Дұрысы – әрқайсымыз, ешқайсымыз болуға тиіс. Оның үстіне ешқайсысы ешкім жоқтығын, әрқайсысы бір адамды ғана білдіреді. Ендеше, қазақ тіліндегі жүйе бойынша, олар көптік жалғауын қабылдай алмайды. Соңғы жылдары етек алып бара жатқан көбісі, біреусі, бірісі, т.с.с. қате қолданыстар орфографиялық сөздіктегі осындай жаңсақтықтардан туып отыр. Сөздік түзушілер елге жөн көрсетер іске жауапкершілікпен қарағандары жөн болар еді.

Сөздікте шет тілден енген, тар өрісті сөздер өте көп берілген: аллопатрия (биол.); аллотропия; альвекоккоз (мед.); альпапка (зоол.); альпарм (экон.); альпиниада (спорт.); альтерация (муз.); альтиметр; алюминат (хим.); алюминотермия; амилопектин (хим.); аминопептидаза (хим.); аммонал; ампелография (биол.), т.т. Ол сөздерге қосымшалар қалай жалғанатыны көрсетілмеген, қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес өзгертілмеген. Орыс тілі арқылы енген мұндай шет сөздердің жазылуы орыс тіліндегі орфографиялық сөздіктерден-ақ қарап алуға болатын еді. Якут тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігінде де, орфографиялық сөздігінде де игерілмеген орыс сөздері берілмепті. Ол жақтағы ғалымдар қазақ зерттеушілерінің сөздіктеріне орыс сөздерін сонша көп тоғытқанына қайран қалады екен.

Сөздік құрастырушылар бірқатар шет тілінен енген сөздерге қосымша қалай жалғанатынын көрсеткен. Алайда онда қандай норма басшылыққа алынғанын түсіну мүмкін емес. Модель бір болғанмен, қосымша бірде жуан, бірде жіңішке берілген: -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен йог, блок, бук, каучук, бамбук, ноутбук, т.с.с. сөздерге қосымша жуан жалғанса, анестезиолог, антрополог, археолог, астролог, бактериолог, биолог, т.б. сөздерге қосымша жіңішке жалғанған. -ог/-уг, -ок/-ук буынына біткен сөздерге қосымша көбіне жіңішке жалғанған. Алайда прологке, психологке, сейсмологке, стоматологке, текстологке, филологке, эмбриологке, т.с.с. түрінде айтылмайды ғой. Сонда сөздік құрастырушылар нені басшылыққа алған? Жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздерге де қосымша бірде жіңішке, бірде жуан жалғанған: госпитальдық, квадрупольдік, корольдық, нивальдық, модальдық, модельді, модульдік, моральдық, авиамодельші, нивальдық, автомобильші, рояльшы, фестивальдық, табельші, т.с.с. Орфографиялық ережені дайындау, көпшілікті дұрыс жазуға шақыратын сөздікте мұндай әралуандық, шалағайлық болмауға тиіс. Қазіргі кезде тілімізде  абитуриент сөзінің баламасы ретінде талапкер,  архипелаг – топарал, жираф – керік, антитеза – шендестіру, аорта – қолқа, артерия – күретамыр, эра – дәуір, аргумент – дәйек, обсерватория – расытхана, планета – ғаламшар, артист – әртіс, т.с.с. сөздердің қазақша баламасы әбден тұрақтанып қалғанмен, сөздікте орыс тіліндегі баламасы берілген. 

Сөздікте күшейткіш буын үстелу арқылы жасалған сөздер, қайталама қос сөздер шамадан тыс көп берілген. Мұндағы ап-ашық, әп-әзір, бап-балғын, беп-бекер, бөп-бөлек, бұп-бұйра, құп-құптап, нып-нық, сеп-сергек, сүп-сүйрік, сып-сыпайы, тап-тайқы, тап-тайыз, шоп-шошақ, шұп-шұнақ, шұп-шұңғыл, іп-ірі, т.с.с. сөздер жасанды, дұрыс сөйлеген адам бұл сөздерді қолданбайды. Сөздік құрастырушылар қос сөз бола алмайтын бірліктерді де қос сөз ретінде берген: ауыздан-ауызға тарау;  қолдан-қолға;  қолы-қолына жұқпау;  іннен-інге  тығылу;  қаз-қалпында;  қаннен-қаперсіз;  анықтан-анық;  өзімен-өзі;  өзінен-өзі;  өзіне-өзі;  бастан-аяқ;  бекерден-бекер;  бостан-бос;  бостан-босқа;  бірді-бірге, бірді-бірге соғу; бірімен-бірі;  бірін-бірі;  біріне-бірі;  бірінен-бірі;  жылдан-жылға;  күннен-күнге;  жалғыздан-жалғыз;  күнәсіздан-күнәсіз;  жалғыздан-жалғыз;  көптен көп, т.с.с. Бұл орайда сөздік құрастырушылар бірдей сөздермен келген тіркестерді қос сөз ретінде таныған. Алайда қос сөздің өзіндік белгілері бар. Басқасын былай қойғанда, қос сөз сөйлемнің бір ғана мүшесі болады. Ал тіркестер әртүрлі мүше бола береді. Ауыздан ауызға деген сөйлемді алар болсақ, ауыздан – қайдан (пысықтауыш), ауызға – қайда (пысықтауыш);  іннен інге тығылды: іннен (қайдан?) інге (қайда?);  өзіне өзі сенбеді: өзіне – кімге (толықтауыш), өзі – кім (бастауыш);  т.с.с. Ал қос сөздің құрамындағы сөздер жеке-жеке сұрақтарға жауап бермейді, әртүрлі сөйлем мүшесі болмайды, тұтасымен сөйлемнің  бір ғана мүшесі болады: ауыл-ауылға (қайда?) барды;  үйді-үйіне (қайда?) тарады; т.с.с. Кейде екі не бірнеше сөзден құралған тіркес те бір сұраққа жауап беруі мүмкін: Қазақстан Республикасы (не?), елді мекенді (нені?) аралады, т.с.с. Олар да сөйлемнің бір ғана мүшесі болады. Сол сияқты құрдан-құр;  қаннен-қаперсіз;  жалғыздан-жалғыз;  күнәсіздан-күнәсіз;  жалғыздан-жалғыз;  анықтан-анық;  көбіне-көп, көптен-көп;  қаз-қалпы;  қаз-қалпында;   т.с.с. тіркестер сөйлемнің бір ғана мүшесі болғанмен, қос сөз болмайды. Сөздікте осындай әркелкіліктер болғандықтан, қазіргі кезде көпшілік алдын-ала, кез-келген, көңіл-күй түрінде жазатын болды. Себебі дыбыстары, буындары ұқсас болғандықтан, сөздердің арасына дефис қоя салады. 

Сөздікте аста-төк, азарда-безер;  боларда-болмай;  қоярда-қоймай;    уда-шу; ұрда-жық; ашта-жап; сартта-сұрт;  шартта-шұрт;  т.с.с. сөздер қос сөз ретінде берілген. Дұрысында, келтірілген бірліктердің ешқайсысы қос сөз бола алмайды. Әу баста у-шуаз-аз, азар-безер;  сарт-сұрт;  шарт-шұрт; т.с.с. сөздер қос сөз болған, сол себепті бұл сөздердің дефис арқылы жазылуы дұрыс. Алайда өзара мәндес, құрылымдас сөздердің арасына да, де шылауы түскен кезде олар қос сөз болмай қалады. Сол сияқты ас, төк; ұр, жық; кел, кет; болар, болмай; қояр, қоймай; аш, жап; т.с.с. етістіктері де өзара құрылымдас, антонимдес, болымды-болымсыз тұлғада келген. Қатар, жарыса орындалған іс-әрекетті білдірудің нәтижесінде олардың арасына ыңғайлас мәнді жалғаулық шылау түсіп, тіркес түзген: ас та төк; ұр да жық; кел де кет; болар да болмай; қояр да қоймай; аш та жап; т.с.с. Сондықтан оларды қос сөзбен шатастыруға болмайды.

Сөздік құрастырушылар біресе қос сөз, біресе  біріккен сөз, біресе тіркес түрінде берген бірлік көп:  пара-пар; парапар (475-б.); қан жоса болу (355-б.); қан-жоса (356-б.);  жер жаһан (262-б.); жер-жаһан (268-б.); шаң тозаңдары (633-б.); шаң-тозаң (634-б.); т.с.с. Сонымен қатар қос сөздердің бірнеше нұсқасы беріліп, қайсысы тілдегі нормаға жататыны көрсетілмеген: жәбір-жапа (262-б.); зәбір-жапа (287-б.); ұшты-күйлі (607-б.); үшті-күйлі 616-б.); т.б. 

Сөздікте анықтауыш пен анықталушы сөздердің тіркесі де түрліше берілген, бір модельге жататын бірліктер түрліше жазылған. Сөздікте бірдей сөздер бірде бірге, бірде бөлек жазылған. Мысалы, құр көкірек сөзі 394-бетте бөлек жазылса, 396-бетте бірге жазылғансол сияқты құр ауыз сөзі 394-бетте бөлек жазылса, 395-бетте бірге жазылған; қара көлеңке сөзі 358-бетте бөлек жазылса, 360-бетте бірге жазылған.  394-бетте құр аяқ сөзі бөлек жазылса, құралақан (394-бетте), құрқол (396-бетте) сөздері бірге жазылған, т.с.с. 332-бетте күнұзын сөзі бірге жазылған, 583-бетте түн ұзын сөзі бөлек жазылған. Қайын ата, қайын бике, қайын ене, қайын жұрт, қайын сіңлі сөздері тіркес түрінде жазылып, сол ұядағы қайнаға, қайны сөздері біріктіріліп, тіпті ы дыбысы түсіп, кіріктіріліп жазылуы жазарман көпшілік үшін түсініксіз болатыны айдан анық.  Сол сияқты бір модельдегі көкшай сөзінің бірге (көкшай, көкшай ішу), күрең шай, қара шай бірліктерінің бөлек жазылуының сырын ұғу өте қиын. Мұндай әркелкілік жазу барысында автоматизмге тосқауыл болып, сөз сайын сөздікке қарап отыруға мәжбүр етеді.

2013 жылғы сөздікте баскиім;аяқкиім; аяқкиімдік; аяқкиімсіз; бойкиім; сырткиім; түзкиім; тыскиім; ішкиім, т.с.с. бірге жазылғанмен, әскери киім; біркиер киім;  дұшпанкөз киім; жарасты киім; жағалы киім; жаздық киім; жұмыс киім; т.т. бөлек жазылған; ішкөйлек; еткөйлек; иткөйлек; келіншеккөйлек; т.с.с. бірге жазылған, қанды көйлек (жолдас); қосетек көйлек; күрте көйлек; сұрып көйлек; т.б. бөлек жазылған. Сырт киім сөзтізбеде бірге жазылғанмен, 399-бетте бөлек жазылғанҚарапайым жазарман қай кезде бірге, қай кезде бөлек жазылатынын қалай айыруы керек? Сондай-ақ ақ сабын; алқынды сабын; жұпар сабын; қара сабын; сақар сабын, т.с.с. бөлек жазылған да әтірсабын; әтірмай; әтірсу; иіссабын; иіссу; кірсабын; сусабын т.б. бірге жазылған; алмаағаш; жидеағаш; зәйтүнағаш; қараағаш (өс.); құрмаағаш; өрікағаш; шамшатағаш, т.б. бірге жазылса, анчар ағашы; емен ағашы; жеміс ағашы; ибей ағаш; тисса ағашы; тұт ағашы; хина ағашы; шынар ағаш, т.б. бөлек жазылған. Бұларды бірге, бөлек жазудың критерийлері қандай екені түсініксіз. Сөзтізбедегі  алмаағаш бағы деген тіркес орыс тілінің құрылымына негізделген, жасанды. Себебі қазақ тілінде алмаағаш бағы емес, алма бағы деп айтылады.

2013 жылғы сөздікте әр сөзінің бірге жазылатын тұстары да көбейген: әртүрліәржақты, әртарапты, әртекті, т.с.с. Алайда ережеде де, кіріспе сөзде де әр сөзінің сын есімдермен тіркескенде қалай жазылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Соған байланысты қазіргі кезде бұл сөздер түрліше таңбаланып келеді. Сөздік құрастырушылар әртүрліәржақты, әртарапты, әртекті, т.с.с. сөздердің бос аралықсыз жазылуын бір ұғымды білдіруімен байланыстырады. Ол тұрғыдан қарайтын болсақ, алуан түрлі, сан түрлі, әр алуан, сан алуан, сан қырлы, сан қилы, т.с.с. сөздерді де бірге жазып, сөзтізбеде көрсету керек қой. Сөзтізбеде алуан түрлі, әр алуан, сан алуан сөздері бөлек жазылған, ал сан түрлі, сан қырлы, сан қилы мүлде берілмеген. Жазарман оларды қалай жазуы керек?

Редактордың «алдыңғы сыңары бір сөзімен, сондай-ақ -ым (-ім) жұрнағымен келген ұлттық өлшем атауларын (бірсалар, бірсауым; сүтпісірім, көзкөрім, атшаптырым, т.б.)» бірге жазу туралы ұстанымы қандай жүйеге негізделгенін тап басып тану қиын. Себебі күнделікті тұрмыста ол бірліктер әрдайым бір сан есімімен беріле бермейді: бірасым ет – екі асым, үш асым ет; бірауыз сөз – екі ауыз сөз, үш ауыз сөз; біраттам жер – екі аттам жер, екі күндік жер; бес сағаттық жер; біратым насыбай – екі атым; біржұтым су – екі жұтым, үш жұтым; біркүндік жол – екі күндік жол, үш сағаттық жол; біртүсті мата – екі түсті мата, түрлі түсті мата; т.с.с. Олардың бәрі біріктіріп жаза беруге келмейді. Сөздікте бірдей жазылуы тиіс тіркестер де әртүрлі берілген: біртоғыз (этн.); үштоғыз (этн.) тіркестері бірге жазылса, жеті тоғыз (этн.) тіркесі бөлек берілген; біртиындық құны жоқ (188-б.); бестиындық құны жоқ (145-б.) тіркесіндегі  біртиындық, бестиындық сөздері бірге жазылса, 559-бетте бес тиындық түрінде бірге берілген. Біртиындық, бестиындық сөздерімен мәндес, бір өріске жататын көк тиын бірлігі тіркес түрінде берілген әрі одан өрбитін көктиындық (көктиындық құны жоқ) сөзі реестрде берілмеген. Алдыңғы сыңары бір сөзімен келген ұлттық өлшем атауына жатқызуға болатын  бір жапырақ;  бір бадалық;  бір асам, бір татым  тіркестері не себепті бөлек жазылғаны түсініксіз. Бір тістем сөзінің бір тістем ет түріндегі нұсқасы 188-бетте бірге жазылса (біртістем ет), 597-бетте бөлек таңбаланған (бір тістем ет). Сонда оқушы бір сөздіктегі екі нұсқаның қайсысын жазуы керек?  

2013 жылғы сөздікте сол кезге дейін бөлек жазылып келген тіркестер бірге берілген. Алайда мұнда да бірізділік жоқ: шаруашылық сөзі бірде алдыңғы сөздермен бірге жазылса (арашаруашылық, ауылшаруашылық, балықшаруашылық, бұғышаруашылық, егіншаруашылық, малшаруашылық, орманшаруашылық, сушаруашылық, түйешаруашылық, халықшаруашылық), енді бірде бөлек берілген (балара шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық;  көпсалалы шаруашылық; қосалқы шаруашылық; натуралды шаруашылық; ұжымдық шаруашылық; экстенсивті шаруашылық, т.с.с.). Бұл орайда академик Р.Сыздықтың «Күрделі сын есім жасап тұрған екі (кейде үш) сөздің әрқайсысы өздерінің нақтылы лексикалық мағынасына ие болып тұрса, бір-бірінен бөлек жазылатындығын алдыңғы айтылған (көрсетілген) топтармен шатастырмау керек. Мысалы: үш бұрышты тақтай, көп таңбалы сан, ауыл шаруашылық артелі. Бұл жердегі көрсетілген күрделі сын есімдердің әр сөзінің бөлек жазылу себебі олардың өз мағыналарын сақтап тұруларында. Аударма әдебиетте, содан барып төл жазбаларда да осы тектес сын есімдерді қосып жазып шатастыру кездеседі, себебі бұлар орыс тілінде біріккен сөз болады: треугольная дощечка, многозначное число, сельскохозяйственная артель. Бірақ екі тілдің сын есімінің жасалуы мен жазылуы тепе-тең емес екендігін, яғни айырмашылық болатындығын қатты ескеру қажет», – деген тұжырымын (Қазақ тілінің анықтағышы. – Астана: Елорда, 2000. – 18-б.) басшылыққа алуымыз керек. Көпшілік тарапынан орфографиялық сөздіктерге көп сын айтылуы, тіпті арнайы телебағдарламалардың осы мәселеге арналуы да қоғамдағы наразылықты білдірсе керек.

 

«Орфографиялық сөздіктің» редакторы – профессор Нұргелді Уәли кіріспе сөзінде сөздік соңында соңғы жылдары қолданыс жиілігі артып келе жатқан, бас әріппен жазылатын кейбір жалқы есімдердің, атап айтқанда, ертегі, миф, батырлар жыры кейіпкерлерінің; діни дискурстағы онимдердің; тұрақты эпитетпен, титул мен құрметті атақпен келген жалқы есімдердің; географиялық атаулар мен тұрақты эпитетке не жер-су атауларының; мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, т.б. атауларының жазылу емлесі көрсетілген арнайы қосымша ұсынылғанын айтады. Алайда бұл қосымша 2000 жылы Астанада шыққан академик Рәбиға Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышында» қосымша ретінде беріліп, академик: «Қосымша» материалды дайындаған – Қаныгүл Жаманбаева», – деп көрсеткен еді.  Қаныгүл Жаманбаева –  педагогика ғылымының кандидаты, «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты еңбектің (Алматы: Ғылым, 1998. - 140 б.), бірнеше мақаланың авторы. 2013 жылғы орфографиялық сөздікті құрастырушылар Қаныгүл Жаманбаеваның сол қосымшасын пайдаланған.

Қосымшадағы бөлім атаулары да, жіктеулері де, атаулар да ұқсас:

 

Қаныгүл Жаманбаева

(«Қазақ тілінің анықтағышы»)

2013 жылғы орфографиялық сөздік

Бас әріппен жазылатын күрделі-құрама атаулар

Ертегі, аңыз, миф, әпсана кейіпкерлерінің аттары

Тұрақты эпитетпен келген жалқы есімдер

Титулмен, құрметті атақпен келген кісі, ру аттары

Географиялық терминмен келген жер-су аттары

Тұрақты анықтауышпен келген жер аттары

Планеталардың, жұлдыздардың, шоқжұлдыздардың, метеориттердің аттары

Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтардың атаулары

Сәулет, мемориалдық ғимарат, көше, алаң, даңғыл, кешендердің, мәдениет үйлерінің, сауықтыру орындарының, мәдени мекемелер мен ойын-сауық көрсететін орындардың атаулары

Мерекелер мен атаулы күндердің аттары

Дәуір, кезең, мәдениет, ескерткіш, тарихи оқиға атаулары

Қысқарған сөздер

Бас әріппен жазылатын күрделі-құрама атаулар

Ертегі, миф, аңыз-әпсана кейіпкерлерінің аттары

Тұрақты эпитетпен келген кісі есімдері

Титулмен, құрметті атақпен келген кісі есімдері

Географиялық терминмен келген жер-су аттары

Тұрақты анықтауышпен келген жер аттары

Планеталардың, жұлдыздардың, шоқжұлдыздардың, метеориттердің аттары

Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтардың атаулары

Сәулет, мемориалдық ғимарат кешендердің, мәдениет үйлерінің, сауықтыру орындарының, мәдени мекемелер мен ойын-сауық орындардың атаулары

Мерекелер мен атаулы күндердің аттары

Дәуір, кезең, мәдениет, ескерткіш, тарихи оқиға атаулары

Қысқарған сөздер

Тірек сөздермен келген атаулар

Тақырыптық топтар бойынша түсініктеме. Бас әріптің қолданылуының кейбір тәртіптері

Мекеме, ұйым, кәсіпорын атаулары

Қосымшадағы бас әріп емлесінің қысқаша түсініктемесі

 

 

Сонымен қатар қосымшаның соңындағы «Қосымшадағы бас әріп емлесінің қысқаша түсініктемесінен» де Қ.Жаманбаеваның қосымшасындағы тұжырымдармен сөзбе-сөз сәйкес келетін тұсы көп:

 

Қаныгүл Жаманбаева

(«Қазақ тілінің анықтағышы»)

2013 жылғы орфографиялық сөздік

Ертегі, миф, аңыз, әпсана кейіпкерлерінің есімдері бас әріппен жазылады (мұның ішіне мал, құс, ит т.б. аттары кіреді).

Ертегі, миф, аңыз, әпсана кейіпкерлерінің есімдері бас әріппен жазылады (мұның ішіне мал, құс, ит т.б. аттары кіреді).

Мифологиялық, қиял-ғажайып бейнелердің тегін, затын білдіретін атаулар кіші әріппен жазылады: пері, ібіліс, періште, шайтан, дию т.б.).

Мифологиялық, қиял-ғажайып бейнелердің тегін, затын білдіретін атаулар кіші әріппен жазылады: пері, ібіліс, періште, шайтан, дию т.б.).

Әрбір бөлігі жеке-дара атау ретінде қолданыла алатын кешенді атаулардың жігі айқын көрініп тұрған жағдайда екі бөлігі де бас әріппен беріледі (Жерден шыққан Желім батыр; Боз атты Боран батыр, Үш жүз алпысқа келген Сары қыз).

Әрбір бөлігі жеке-дара атау ретінде қолданыла алатын кешенді атаулардың (көбіне бір сыңары жалқы есім боп келеді), жігі айқын көрініп тұрған жағдайда екі бөлігі де бас әріппен беріледі (Жерден шыққан Желім батыр; Бозатты Боран батыр).

Күрделі-құрама жалқы атаудың ішіне (көбіне бір сыңары жалқы есім болып келеді) кіретін тұрақты эпитеттер жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен бөлек жазылады (Ақсақ Темір, Қайқы сопы).

Күрделі-құрама жалқы атаудың құрамындағы тұрақты эпитеттер жалқы есімнің алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен бөлек жазылады (Ақсақ Темір, Қайңы сопы).

Рудың аты жалқы есімнің алдынан келетін тұрақты эпитеттің орнында жұмсалса, бас әріппен жазылады (мыс.: Қызылқұрт Теке би).

Рудың аты жалқы есімнің алдынан келетін тұрақты эпитеттің орнында жұмсалса, бас әріппен жазылады (мыс.: Қызылқұрт Теке би, Қаракерей Қабанбай).

Найман, керей, албан, арғын, адай, қыпшақ, үйсін т.б. рулардың ішкі жіктерін көрсететін атаулар, мысалы, Сары үйсін, Даулеталы жары, Ұзын қыпшақ, Көлденең қыпшақ т.б. нақтылық жалқылық сипаты басым болғандықтан, бірінші сөзі бас әріппен жазылады.

Найман, керей, албан, арғын, адай, қыпшақ, үйсін т.б. рулардың ішкі жіктерін көрсететін атаулар, мысалы, Сары үйсін, Даулеталы жары, Ұзын-

қыпшақ, Көлденең қыпшақ т.б. жалқылық сипаты басым болғандықтан, бірінші сөзі бас әріппен жазылады.

 

Мақаланың көлемі шектеулі болуына байланысты толық бере алмадық, әйтпесе ұқсастық өте көп. Түсініктеменің өзінен-ақ сөздік құрастырушылардың Қ.Жаманбаеваның қосымшасын молынан пайдаланғаны көрініп тұр. Автордың көзі кеткен соң еңбегін атын атамастан пайдалану – ғалымның еңбегіне жасалған қиянат, құрастырушылардың адамгершілігіне сын. Әрине, сөздіктің қосымшасында аз-кем толықтырулар болса да, қосымшаны құрастырған ғалымның аты-жөні көрсетілуі керек еді.

Қаныгүл Жаманбаева 2000 жылдары ғаламшар, марапат атауы әлі тұрақтана қоймағандықтан, планета, награда атауын қолданған. 2013 жылы ғаламшар атауы тұрақтанып, көпшілік сипат алса да, сөздікте планета, награда сөзі берілген. Бұл да – сөздік құрастырушылар Қаныгүл Жаманбаеваның қосымшасын пайдаланғанының айғағы.

Орфографиялық сөздікте берілген атауларда қате болмауға тиіс. Ұйым, мекемелер сөздікке қарап, олқылықтарын жөндеуі керек еді. Алайда сөздіктегі нұсқаға сәйкес жазудың салдарынан қателері көбейген сыңайлы. Қазіргі кезде тілімізде Үндістан, Грекия, Ежелгі Мысыр, т.с.с. атаулар орныққанмен, сөздікте орыс тіліндегі атаулары берілген: Индия жағалауы, Ежелгі Греция, Ежелгі Египет,т.т. Мұндай олқылық жалпы есімдерде де көп, соның салдарынан қазақ тілінде әбден қалыптасқан арна, раушан, расытхана, т.с.с. сөздерінің орнына орыс тіліндегі нұсқалары келтірілген: Сарышығанақ каналы, Алқызыл Роза мен Ақ Роза соғыстары (1445-85), Асы-Тұрған обсерваториясы, Суэц каналы, Үлкен Алматы каналы, Үлкен Тосқауыл рифі, Қаракөл метеориті, т.т.

Қазақ тіліндегі қазіргі нормаға сәйкес батыр, би, хан, т.т. атаулар кісі есімінен кейін келіп, кіші әріппен жазылады. Алайда құрастырушылар орыс тілінің үлгісімен Сұлтан Бейбарыс, Сұлтан Жүніс хан, Сұлтан Исан Бұға, Сұлтан Махмұт хан, Сұлтан Нигар ханым, т.т. Сөздікте  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті сияқты атаулардағы Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімдері орыс тілінің үлгісімен Қ.А.Ясауи,  М.Х.Дулати түрінде жазылған. Орыс тілінде адамның өз аты мен әкесінің аты қысқаратыны белгілі. Ал Қ.А.Ясауи дегенде ондай қысқарту жоқ. Сондықтан бұл арада орыс тіліндегі жазу үрдісін қазақ тіліне ұстанудың қажеті жоқ. 

Сөздік құрастырушылар Қ.Жаманбаеваның қосымшасын толықтырып, өзгерткені, басқаша топтастырғаны байқалады. Оны жоғарыдағы кестеден де көруге болады. Алайда топтастыру барысында өрескел қателіктер орын алған. Мысалы, ел арасында «Қарға бойлы Қазтуған» атанған Қазтуған Сүйінішұлын Аязатамен қатар  «Ертегі, миф, аңыз-әпсана кейіпкерлерінің аттары» деген бөлікте береді. Алайда Қарға бойлы Қазтуған ­– XVІІ ғасырда өмір сүрген батыр, жорық жырауы. Сондықтан бұл топқа беру мүлде қате.

Атауларды беруде бірізділік сақталмаған. Соның салдарынан түрліше жазылған сөз көп. Мысалы, Оңтүстік-батыс Алтай деген атау қос сөз ретінде дефиспен жазылса, Оңтүстік Шығыс Еуропа тіркес ретінде дефиссіз жазылған; Оңтүстік тәж, Оңтүстік үшбұрыш тіркесінің екінші сыңары кіші әріппен жазылса, Оңтүстік Балық тіркесінің екі сыңары да бас әріппен жазылған; Қыранқарақшы, Қырыққарақшы бірге жазылса, Қырлы жігіт бөлек жазылған; Қоңырқай жұлдыз, Жебеуші жұлдыз бөлек жазылса, Қосжұлдыз бірге жазылған, т.с.с. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті тіркесіндегі Ауылшаруашылығы сөзі тәуелдік жалғауымен берілсе, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігі дегенде тәуелдік жалғауынсыз жазылған. Мұндай ала-құлалық ана, ата, баба сөздерімен келген атауларда да (АдаматаБұғыана, Зеңгібаба, Қамбарата, Мүйізді Бұғыана,  Ұмай ана, Хауана, Шекшеката, т.т.); әулие, қожа, хан, шах, сұлтан, баһадүр, т.т. сөздермен келген атауларда да (Гөзел шах, Сүлеймен патша, Жалаңтөс Баһадүр, Қоңырәулие, Майлықожа, Мәделіқожа, Жүсіпбек қожа Сарыәулие, Бабасұлтан, Есугей баһадүр, Мейрамсопы, Қасымханның қасқа жолыЕсім ханның ескі жолы, т.т.); жер-су, ғаламшар, ғалам атауларының жазылуында да (Ақжайық өңірі, Қаратеңіз, Қызылтеңіз, Сарытеңіз, Жетіқарақшы, Құсжолы, Тырнажолы, Сабанжолы, Сарыжұлдыз, Сарысүмбіле, Сарышаян, т.т.) кездеседі. Тіпті тырнақшаның қойылуында да (Інжіл, Тәурат, Зәбүр, Құран Кәрім, Барсакелмес қорығы, Шымбұлақ спорт кешені, Отызыншы мамыр қозғалысы, «Төртінші май» қозғалысы, Үшінші маусым көтерілісі), бас әріп не кіші әріппен жазуда да (Көк Тәңірі, Алла Тағала, Жаратқан ие, Құдай Тағала, Қазақ Ордасы), т.т. бірізділік жоқ.

Тіліміздегі жүйені, норманы түсінбеудің салдарынан туындаған қате көп. Тіпті сөздіктің өзіндегі ереже де ескерілмеген. Атап айтқанда:

·     сан есімдер бас әріппен жазылған: Аспандағы Төрт атты; Ғайып ерен Қырық шілтен;

·     күрделі сын есімдер бірге жазылған: Керқұла атты Кендебай, Қаздауысты Қазыбек, Қарғабойлы Қазтуған;

·     кісі есімдері қос сөз түрінде жазылған: Самыр-Қазан, Сейфүл-Мәлік, Һарон-Рашид, Шайық Абыл-Құдыс; т.т.

Орфографиялық сөздікте атаулар бірде-бір қатесіз берілуі керек болғанмен, құрастырушылар бірқатар атауларда әріп қателерін де жіберіп алған. Мысалы: Көлтаусар, Абралы тауы, т.т. атаулардағы ы әрпі түсіп қалса, К. Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры атауындағы К. Бәйсейітова фамилиясында а әрпінің орнына ә әрпі жазылып кеткен.

Құрастырушылар қазақ тіліндегі қалыптасқан атауларға да мән бере қоймаған сыңайлы. Қазақ тілінің жүйесіне сәйкес тілімізде су қоймасы, ет қоймасы, т.т. түрінде қалыптасқан тіркесті орыс тілінің үлгісіне сәйкес Бадам-Сайрам су сақтау қоймасы түрінде берген. Сонымен қатар Қапшағай су қоймасы деген атау да берілген. Сонда біркелкі атаулар неге әртүрлі берілуі керектігі түсініксіз. Осы модельге тән  мұзқойма, суқойма, жерқойма, т.т. атаулар бірге жазылса, кітап қоймасы, қалдық қоймасы, т.т. бөлек берілген. Дұрыс жазылуын білмек болған оқушы осылардың қайсысын басшылыққа алуы керек? Мектеп оқулықтарында, астрономияға қатысты еңбектерде Жетіқарақшы жұлдызының ожау (шөміш) тәрізді болып келетіні жайында сөз болады. Ал құрастырушылар оны Жетіқарақшының бақырашы деп атаған. Әрине, мұндай қолданыстар, ала-құлалықтар сөздікті пайдаланушылар үшін жайсыздық тудыратыны, әркімнің түрліше жазуына себеп болатыны түсінікті.

Сөздіктің кіріспе сөзінде бас редактор ­– Нұргелді Уәли: «Қазак тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыруда, жұртшылықтың жазу мәдениетін көтеруде орфографиялық сөздіктің алатын орны ерекше... Бұл үлкен «Орфографиялық сөздіктің» алтыншы басылымы кәсібі мен мамандығы жазумен байланысты, үнемі қаламмен жұмыс істейтін баспа және баспасөз қызметкерлерінің, білім мен ғылым саласындағы мамандардың, мектеп мұғалімдерінің, студенттер мен оқушы жастардың, өзге де жұртшылықтың пайдалануына арналған... Күнделікті жазу тәжірибесінде оны басшылыққа алу, онда көрсетілген нормаларды сақтау, жазудың қалыптасқан жүйесін әрі-сәрі күйге түсірмеу – өз ана тілін құрметтейтін мәдениетті азаматтың борышы. Осылай деп түсінетін адам мұндай ортақ мүддеден «меніңше былай» дейтін жекебастың субъективті пікірін жоғары қоймақ емес», ­­– деп жазған. Алайда 2013 жылғы «Орфографиялық сөздік» көпшіліктің пайдалануына жарамсыз екенін көріп отырмыз. 2005-2013 жылдар аралығында бірнеше рет жарық көрген сөздіктер тілдегі жүйеге сәйкес жетілдіріліп,  норманы орнықтырудың орнына қателерді үсті-үстіне көбейте берген.

«Емлені бұрынғысынан артық болғандай етіп өзгертуде мағына бар; бұрынғысынан төмен болғандай етіп өзгертуде мағына да, мақсат та жоқ», ­–  деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, сөздіктің жаңа басылымдарында бұл ағаттықтар ескерілуге тиіс.

О.Жұбай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы

А.Салқынбай, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

Б.Қапалбек, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты

Дереккөз:  zhasalash.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://www.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!