Слабовидящим
Поиск

Читаем

Ертекші Мамақтың «Қара бақсы» хикаясы

16 ноября, 19:22

Қазақ  ертегілерінің көбісі «Ертеде кемпір мен шал болыпты. Бес ешкісі, бір таз баласы болыпты» деген сыңайда басталады. Абай осыдан мезі болып, дәл осылай бастап айтқан бір ертекшіге: «Кемпір араласқан ертек оңбайды», – десе керек.

Ал Абай тұсында ақынмен замандас Баймағанбет, Ырсайдың Ысқағы секілді дәулескер ертекшілер болғаны мәлім. Баймағанбет Мырзаханұлы қазақ ертегілері үстіне шығыстың «Мың бір түнін» айта отырып, Еуропа романын сөйлей білген. Ырсайдың Ысқағы кілең шығыс халықтарының «Мың бір түн» өзінен-өзі, «Тотының тоқсан тарауы», « Рүстем-дастан»,

«Калила мен Димна» (Үндістан) және ислам философиясынан аңыздар хикаяттаған.

Баймағанбет оқымаған (көп болса, қара таныса керек), ал Өскенбайдың екінші ұлы Мырзатайдың немересі Ысқақ арабша әжептәуір оқыған, орысша тілде де ауызша сөйлей алады екен.

Бірақ біздің айтпағымыз – бұл екеуінен бір саты төмен, қатардағы ертекшілерден жоғары тұрған, мырза руынан шыққан Мамақ деген ертекші туралы. Мамақтың Абай алдында айтқан «Қара Бақа» атты ертегісі және оған деген Абайдың пікірі жайлы сөйлемекпіз.

Мамақ ертекші 1860-1930 жылдар арасында өмір сүрген. Мамақтың өз аузынан туысы Нығмет Мағауин, одан мен, Исабаев Бекен, 1960 жылдары естідім, соны сөйлейін.    

— Жасым отызға тартқанда ел аралап, «Мамақ ертекші», жүре келе «ертекші Мамақ» атандым. Шөп басын сындырмай, ел аралап қыдырмашылық етемін. Бір күні ел жайлауға шыққанда «Абай шақырады» деген хабар жетті. Қорқа-қорқа Абай алдына келдім. Абай менің ертек айтып жүргенімді естіген екен. Үш  күн бойына қонақ болып, ел аяғы басылған соң, Абай алдында ертек айтып отырдым. Абай үнсіз тыңдады да, төртінші күннің ертеңінде:

– Сен біздің Бауырдағы үй «алғашқы соғым сойды» дегенді естісімен келе қал. Сол келгенде бір ертек айта келерсің. Ертегің бақсы туралы болсын, – деп тапсырды.

Сол жылдың жазы мен күзінде ертегімді ермек етіп, қысқа да жеттім. Бұл жазда «Мамақ Абай алдында үш күн бойына ертек айтыпты» деген лақаппен даңқталдым. Көңілім өсе түсті. Қар алғашқы жауғаннан қорқыныш кірді көңіліме. «Абай ағам тапсырмасын қалай орындаймын? Бақсы туралы ертекті қалай, қайдан тапсам» деймін-дағы...

Сонымен, халқымыздың ежелгі ертегісінен өзімше өңдеп, жөндеп, бақсы жайындағы бір ертекті айтуға бекіндім-ау.

Құлағым түрулі. Абай ауылын төңіректеп, қыдырмашылық кәсібімде жүрмін. «Абай алғашқы соғымын алғызды» деген хабар да жетті. Бірер күн өткізіп, көк шолақпен тепеңдеп, Абай ағам ауылына түн түсе келдім. Үй толған кісі. Әншісі бар, ақыны бар – әркім өнерімен көрініп жатыр,  ақын бағасын беріп жатыр.

Тамақ ішіліп, жай әңгімеге көшу үстінде Абай:

– Ал, Мамақ, ертегіңді бастамайсың ба? – деп сөз тастады маған. Менің бастап кеткен ертегім мынау еді.

— Абай аға, менің бұл ертегімде екі ел болады. Бірін Тобықты, бірін Керей елі десем қайтеді?

Абай: «Бірін анау, бірін мынау дегенше, соның жөн болады», – деді.

Тобықты елінде Бақа деген қайыршы болады. Өзі жасынан жалқау, еңбекке қырсыз еді де, жүре келе қайыршыға айналды. «Ел жиіде кедей тоқ» дегендейін, мал, бас құрап, үй болуды қаперіне алмастан ауылдан-ауылға жаяулай, жаяу қайыршылықты кәсіп етеді. Өзінің денесі аса ірі, түсі күйе қара кісі еді.

Айдан ай, жылдан жыл өтіп, Бақа қайыршыға да қартаятын уақыт жетті. Кәрі кісі ұзап шыға ала ма, жүріс аясы, әсіресе, қыс пен көктемде тарылып, бір келген ауылына жиі келгіштейтін әдет шығарды. Енді анадайдан кеңірдегі сорайып, түйенің кешкі көлеңкесіндей боп келе жатқан Бақаны ауыл иттері мен баласы қарсы алып, иттері арсылдап, балалары шуласып,  мазақпен шығарып салатын болды. Кейінде қармен, тіпті тас атып, қуатынды шығарды. Солайша Бақа қайыршы қадірінен айырылды. Әсіресе сол бір жылы қыс өте қатты болып, мал жұтқа ұшырап, ел күйзелген еді. Мұндайда қайыршыда не күй болады. Соңғы бірер аптада Бақа қайыршыға өз жайынан түңіліп, өлімді ойлайтын сәт жетті: не істемек бұл?! Бұрын «өзімнің туған елімдемін» дегенді жұбаныш қып, бөстекі сөзді көңіліне алмай жүре беретін еді ғой. Ал қазір үстіндегі киімге қараса не, қадіріне қараса не?! Тобықты елі жайлауға шығар тұста Бақа келген ауылға бір топ жігіттің көңілділік әкелгенінің ішінде болғаны. Бақаның естіген хабары көңілін елең еткізді. Бұл жігіттер жоқ іздеп жайлауға шығыпты да, көрші Керей елінің бұлар білетін бір қонысына барыпты. Барса, қонысқа мал-жаны, мыңғырған өзге бір ауыл кеп қонған екен. Және жай ауыл емес, салтанаты ханға теңеседі. Бай да маңғаз, келісті кісі екен. Әрине, мұны естіген Бақада не жан қалсын. Япыр-ау, өлмейтінге жолығатын «өлі балық» осы болмаса не етті?!

Ондай «итінің басына іркіт төгіліп жатқан» елде қайыршы жоқ шығар. Қайыршы боп барса, тамақтан мұны қаға ма… Тәуекел деп, сонда… Сонда барғаны дұрыс. Осы ой Бақаға келісімен әлгі жігіттерді жағалай жүріп, Керей жеріне көшіп келушілердің жер шамасын, түсін анықтап алды да, шекпенінің шалғайын беліне қыстырып ап, қарышты қадамымен жол тартты. Арқасындағы ала дорбасындағы құртынан асап-асап алып, жүреді. Шыңғыс асты Бақа, Шыңғыстың жайлау тауларын да басып өтті Бақа, өзі білетін Жондағы Жобалай Керей жайлауын да жүріп өтті Бақа. Бірақ көрінген ел жоқ. Ала дорбадағы тіленшілікпен жиған тамағы да таусылды дейсің Бақаның. Ел жоқ. Сонау жігіттердің айтқан жері шамасына таяған секілденеді. Бірақ көрінген ел жоқ. Күн күйіп тұр. Бақаны шөл қысып барады. Кездескен өзен түгіл, құржар иә бұлақ, құдық болсайшы бір. Кілең көкпекті жер. Бақаның көзіне сағым ел болып көріне бастады. Ол әлсіреп, кейде елеурей жүгірердей күйде келеді байғұс. Кенет көзіне бір топ ағаш көрінді. Ол енді өзіне сенбейді. Ағаш оң жағында қалып барады. Мұрнына су иісі сезілді. Салқын самал соға кетті. Бақа иіс алып тұра қалып еді, біртін-біртін есі кіре бастады. Анығында, әлгі көргені өскен тал екен. Бақекең арбаң-арбаң жүгіре жөнелді-ау. Жыра, жар бастауы. Жардың екі жағы кең көгалды. Бақа жарға құлай кетіп, тал іргесіне серейе түсіп, қолымен жер тіреп тұра берем дегенде және жығылып, бетімен жылып ағып жатқан су үстіне түсті-ау. Жұтып жатыр, жұтып жатыр...

Суды жұтып жатқанын біледі. Басын көтерсе, таң атыпты. Бұл суды жастана шалқасынан жатыр. Аунап түсуге дәрмені жетсе керек. Судан аз-маз жұтып, дорбасын сілкіп еді, түк жоқ екен. Енді бетін жуа бергенде тал ішінен бірдеңенің дыбысы шықты. Пысқырғандай болды ма, бө… бө… дегендей. Мұның шошығаны сонша – тұра сап жар шетіне жармаса, тырмыса шығып безе жөнелді. Арбаңдай  жүгіріп келеді. Қуған да, көрінген де ешкім жоқ, тым-тырыс. Бұл қашсын, сонда қайда барады? Үстіндегі жыртық шапаны жарда. Түте-түте тымағы да жарда. Тіпті аяғындағы көне шәркейі де жоқ.

Сүтпісірімдей уақыт тұрып-тұрып, қорқа-қорқа жарға қайта келсін Бақа. Өз дүниесі орнында, ешкім қозғамаған. Ала дорбасы да түбі төңкеріліп, лақтырған қалпында жатыр. Бақаның бойына күш бітті де, бағанағы дыбыс шыққан тал арасын ашып қарамасын ба… Мәссаған! Тіздеулі, екі өркеші баладай, өркешіне үкі тағылып, әлем-жәлем жабулы көкала түйе жатыр. Пысқырған да, дыбыстаған да осы түйе болды. Бақа қолын созып еді, қолының сыртын иіскеп-иіскеп қойды. Бағанадан көрмепті, көк ала түйенің тіздеген төрт аяғында төрт күміс білезік бар екен. Бақа бұл түйенің тегін емес екенін ұқты. Бұдан аулақ жүру керек. Пәле аяқастынан. Пәле жүрген жерден жала да алыс болмас. Тез кету керек. Бұрынғы алған бетімен жүріп кетті ол. Түс болды. Енді аш Бақа тағы әлсірей бастаған мезетте көз ұшынан ел көрінді де, Бақа  қадамын ширата түсті.

Ол ауылға таяп келеді. Таңғалғаны – ауыл ортасындағы ақ орданың алды қаптаған жұрт. Өзге үйлерде жан баласы қалмаған секілді. Сонау жігіттер айтқан бай ауылы осы. Бірақ мына жиынның жөні не екен? Бұл да жиынға жетті. Бәрінің ынты-шынты назары ордадай ақ үйдің есігі жақта. Бақа да бойын созып қарап еді, үй төріндегі тақ үстінде келбетті азамат отыр. Қолында алмас қылыш, қабағы түйіліп кеткен. Үй ішінде әлем-жәлем киініп,  ырғып жүрген кісі, бұл бақсы ойыны екенін Бақа түсіне кетті. Бақа жұртты кимелей-кимелей үй ішіне еніп, босағаға жантайды.

Өзінің діңкесі құрып, шөл мен аштықтан әлсірей бастағанын сезді. Әйтсе де құлағы төр жақта. Ары-бері орғып, секіріп, қобызы қолындағы бақсы бөгелсе-ақ төрдегі адам: «Табылды ма, бір дерек бар ма?» – деп, ауық-ауық ақырып қояды. Бақсы шарасыздай. Үндемейді. Бір кезде бақсы жығылып түсіп, қозғалмай қалды. Төрдегі азамат сөйлей жөнелді. «Қайран құтым-ай! Шынымен табылмас па екен? Жарықтық әкем сүт тайлақ күнінде мал құты болатынын танып: «Қарағым, мынау көк ала тайлақ малыңның басы, құт болады. Көшкенде шаңырағыңды осыған сал. Көз бен сұқтан сақтау үшін төбесіне, қос өркешіне үкі таққыз. Төрт аяғына күміс білезік кигіз», – деп еді-ау. Міне, оған аттай жиырма жыл. Бір бас малым шашау шыққаны, ойыма алғанымның орындалмағаны жоқ болыпты-ау! Өй, мына бақсымыз өліп кеткен жоқ па, өзі? Су сеуіп, есін жиғызыңдаршы», – дегенде, Бақаға бір ой түсіп, селк ете түсті. «Мынаның айтып отырғаны жардағы көк ала інген екен. Төрт аяғындағы төрт білезік, төбесі мен қос өркешіндегі үкісі анау! Сол, сол-ақ. Тәуекел! Осы ой келісімен Бақа сол сұлап жатқан бетінде даусын шығарып, «Е, е-ей» деп жөнелмесін бе?!

— Ой, мынау кім-ей? Өшір үніңді оңбаған! Қой-ей! Тоқтат! – деп, әр жерден зекіп жатыр әркім.

Бірақ Бақа тоқтар болмады. Біреулер түйгіштеп жатыр. «Мынау кім? Қайдан келді? Мұнда қалай кірді?» десіп жатыр. Бақаның қозғалуға да шамасы жоқ. Сол бетте талықсып кетті. Бірде аузына су тамызып, өзінің жұтып жатқанын біледі ол. Осылайша біраз танысып ап, тағы да ыңырсыған даусын әрең шығарып жатып, «Көк ала інген бе?» деп сұрап үлгерді.

– Иә, иә, – деп, төрдегі мырза атып тұрып Бақаның қасына кеп, оны жұлқылап жатыр. Бұл: «Үстінде тотықұстай түрленген жабуы бар ма?» –  деп қалып еді, әлгі мырза «Сол! Сол! Тағы айт! Сен білесің, айт!» деп жұлқылай түсті. Бұл «төбесінде, өркешінде үкі тағылған екен» деп бір қойды. Көзін ашса, мырза тізерлеп отыр. Бақаның аузына кірердей үңіліп отыр. «Төрт аяғында, иә, иә… күміс білезік салынған ғой...» Бақа тағы талықсып кеткен еді. Мырза: «Мынау қайдан, қалай келді? Көрген кісі бар ма?» деп жатыр. Ешкім көрмеген боп шықты. «Астапыралла! Астапыралла! Мынау көктен түскен болды. Ешкім көрмеген… Бұл тегін болмады», – деп, қымыз алғызып, аузына құйып жатыр. Бақа өзінің қымызды жұтып жатқанын біліп жатып:

— Күннің шығысында көлденең бел бар. Содан ары қалың қорық. Ши… Сондағы жарға, тал түбінде ғой, көк ала інген, – деді де, тағы талықсып кетті. Бақа бұл жолы әдейі талықсыған еді. Тыңдап жатыр. Дереу кісілер аттандырылды Бақа айтқан жаққа. Бақаға әл кірді. Бірақ ол  басын көтеруге қорқады. Басын көтерсе-ақ сұрақтың астына алмай ма мына мырза? Ең қолайлысы – мұның осылай жатқаны. Сонымен, кеткендерден хабар күтіп жатқан Бақа қайыршы шын ұйқыға кетті. Қанша уақыт өткенін Бақа қайыршы қайдан білсін, оның құлағына «сүйіншілеген» дауыс жетпесін бе? Бақа, өзі, ерепайсыз бойшаң еді, атып тұрмасын ба? Ол ақ орда ішіндегілерден бойы аса есеңгірей тұрып кеткен еді. Мырза Бақаны сүймекке ұмтылғаны. Бақа иегін мырза аузы сүймекке аймалағанын білді де, кенеттен батылданып кетіп тік көтеріп, мырзаны құшырлана сүйіп-сүйіп алды. Мырза «Аллалап» дауыстап жіберіп, «Бергеніңе шүкір, кең Аллам, ой, жұрт, мені әулием сүйіп алды», – деп жылап қоя берген ғой. Бақа да еңкілдей жылап отыр. Сүйіншілеуші де осы сәтте келіп: «Әулием айтқандай, кең жыраның төріндегі қалың талда дін аман көк ала інгеніміз жатыр екен. Алла бізді қолдап, мына әулиесін жіберді емес пе?» – деп салды. Дереу жан-жаққа хабаршылар аттанып жатыр.

Ақ орданың құрметтісі, әрине, қара Бақа қайыршы. Мұның атын сұраған да ешкім жоқ, бүкіл жұрт мұны «Қара бақсы» атандырды да жіберді. Сол мезгілден былай қара Бақа, яғни Қара бақсының көрген күтімі адам айтқысыз болды да кетті. Әй, Бақекең тойды-ау! Тойды-ау!

Тойдан кейін күтімі де жақсы, өзіне ұнайды. Мырзаның қонақүйінің оң жағынан «әулиеге» төсек-орын дайындалды. Жылы-жұмсақтың күллісі мұның аузында. Бүкіл ауыл көзінше «әулием» деп атайды да, жалпы атауы, әрине, «Қара бақсы».

Сонымен, күз түсті. Қалың ауыл қысқы қоныстары – құмға көшуге қамдана бастады. Қара Бақаға ой түсті. «Мен кездейсоқтан «әулие» атандым. Өз жайым өзіме мәлім. Ерте ме, кеш пе, шын сырым ашылмай қоймас. Мырза, иә, оның бір жақынының малы жоғалмай тұрмас. Онда олар менен тауып беруімді сұрайды. Мен оны қалай таппақпын? Менің сырым ашылар. Сонда бұл ел, әсіресе мынау мырза оңдыра қоймас. Қой, шатаспай, бұл ел алысқа бет алмай тұрғанда туыс жұртыма, Тобықтыға қайтайын» деген шешімге келді де, мырзадан кетуіне рұқсат сұрады. Мырза қанша қолқалап кетпеуін сұраса да, бұл да өз сөзінен қайтар болмады. Ақыры мырза қайтуына рұқсат берді. Ризалықпен қоштасты.

Осы жерде бағанадан мұны тапжылмай, тыңдаушы боп отырған ұлы Абай:

– Бай Бақаға не беріп қайырды? – деп қадала кетті. Мен:

– Бақаның өзі көтергендей тамақ арқалатты, – дедім. Абай өңіме тесіле қарап, «ары қарай айта бер» деді. Мен ертегімді жалғай жөнелдім.

Бақа, сонымен, өз туыстарының ортасына жетті. Мұның қайда барғаны, жаз бойы қайда жүргенінде елдің шаруасы қанша, Бақа сол қайыршылық кәсібімен қысты өткізіп, жазға жетті. Балалар мен ауыл иттері де тас атып мазақтауы, үріп қарсы алып, үріп шығарып салуынан танған жоқ. Қыстан аман-есен өтіп алған Тобықты елінің қайыршы Бақасы келген-кеткен жолаушыларынан хабар күтуін бастады. Есіл-дерті былтырғы Керей елі жайлауға көшіп келді ме екен? Сол елдегі көрген күтім, ішкен тамағы түсіне де кіретін. Содан бір күні күткен хабары да құлағына  жетті-ау! Біреулер төр жайлауға барғанын, былтырғы Керейдің бай ауылында болғанын айтып жатты. Енді Бақаны кім тоқтатпақ, екі етегін белбеуіне қыстырып ап, көрген жердегі Керей еліне жөнеп берсін. Бұл жолы былтырғыдай емес, тіленшілікпен жинаған тамағын шамалап жеп-ішіп, көрген жердегі Керей еліне жетті.

Көріп келеді, қалың ауыл бұрынғы орынға қонған. Ауыл адамдары тағы да мырза ордасының алдында қарақұрым боп жиналған екен. Кенет біреу мұны көріп қалып, «Қара бақсы келеді» деп айқайлап кеп жіберсін. Иә, қара Бақа келе жатқан. Тағы да жаяу. Ауыл тобы үлкені мен кішісі, атасы ма, баласы ма, бұған қарай тұра жүгірсін. Кенет мырзаның ақырған даусы жетті. «Тоқтаңдар түгел! Өзім барам, өзім көрем алдымен. Ол – менің әулием. Аллам маған жіберді. Мен қысылғанда келетін жебеушім ол», – деп, келе құшақтап, қолынан жетелеп алды да, жөнелді ордасына. Үй маңынан елді қуып жүр біреулері. Төрге отырғызып, сусын ба, тамақтың түр-түрін алдына қойып жатыр. Бақаның іздегені ежелден тамақ, іркілсін бе, жұтып жатыр қоюы мен сұйығын. Қашанғы көмейлесін  Бақа. Ол бір тыныстағанда, мырза ақырын ғана: «Ал, әулием, айтып жібер өзіме», – десін. Бақа болса мырзасына таңырқай қарайды. Бұл нені біледі, нені айтпақ? Мырзасы құлдыраңдай төне түсіп, құлағын тосады  Бақаға. Бақа болса аң-таң, мелшиіп отыр. Мырзасы: «Болсаңшы, әулием, тағатымды тауыспай. Айтшы өзіме әулием», – деп бастырмалатады кеп. Ақыры Бақа: «Маған нені айт деп отырсыз, мен нені  білем?» – демесін бе?! Мырзасы шарт кетіп ашуға басты. «Сіз неге білмейсіз? Әкем, арғы бабамнан қалған алтын-күміс, гауһар мен жақұт тастардан айырылып отыр емеспін бе?! Бүгін апта болды. Ұшты-күйлі жоқ, бар қазынам… Соны тауып беруге келдің емес пе?! Айт, қане!» – деп дігірлейді. Бұл болса шошығаны ғой, тілден қалды. Осы тергеу, зекіру мен ақырумен екі күн өтті. Бақадан соры қалың кісі болмады. Есеңгіреген Бақа үшінші күнінде мынадай ойға бекінді. «Мырзам, ақыры, болмадыңыз. Маған оңай болмай тұр. Мен ұйықтайын, түс көрермін. Ауылдан алысырақ жерге жеке үй тіккізіңіз. Алла аян бермес пе екен?» – десін.

Мырза да ес қалмай қуанбасын ба… «Кешір мені, әулием. Мен қателесіп, сізге қолым да тиді-ау деймін. «Мал ашуы – жан ашуы» деген ғой. Күнәһар пенде. Мені ұғасыз ғой, әулием», – деп жорғаласын мұның алдында. Соңында көз көрім жердей қашыққа үй тіккізді. Бұл болса сәл көңілденіп, мырзаға соңғы тапсырмасын былайша берді: «Ауыл адамдары тырп етпей үйлерінде отырсын. Мына жеке үйде өзі ұйықтайды, тірі жан баласы келмесін. Бүгін болмаса, ертең түс көрер-ақ! Өзі жалғыз болсын. Мырзаны өзі шақырады». Ойлағаны болатындай. Ел аяғы басылысымен зытпақ қой Бақаекең. Мал да, жан да тыншыды. Бақа белін буып, таяғына сүйеніп, енді-енді үйінен шықпаққа бекіне бергенде «әулием» деген жалынышты үн естіле кетті, «Тақсыр, біз қаріптеріңді ая! Біліп отырсыз ғой, бізбен еріп барып, алтын-күмісті, қазынаны көре көріңіз. Бала-шағамызды аяй көріңіз… Ұстап бермеңіз бізді», – дейді бірер кісінің жалынышты сыбыры.

Бақа тез сергіп, шешімге жылдам келді. «Уәде – құдай аты, уәде береміз» деп екі адам еңкілдеп жылап жатыр.

– Тұрыңдар, күнәһар пенделер, бастаңдар тыққан жерлеріңе, – деді Бақа қатқыл дауыспен. Өзі сияқты екі жыртық шапанды, жұлма тымақтылар жүріп келеді, бұл олардың соңынан еруде. Аса алыс емес. Үш-төрт бие сауымдай уақыт жүрген соң, бір төбешіктегі обаға келіп, оба іргесіндегі  тығылған қазынаны көрсетті. Бақа «Түгел ме?» – деп еді, әлгі екеуі қазынадан ештеңе алмағанына сендіріп, ант-су ішті дейсің. Бақа бұлардан кім екендерін сұрамастан қоя берді де, үйге келіп, дәрет алды да, айқайды салмасын ба!? Алдымен, әрине, мырза жетсін бұған. Бақа: (түсін суытып, кәрін төгіп тұрып) «Әй, мырза! Алла аяны мынау. Сен маған сұрақ қоймайсың. Қазынаңды кім ұрлағаны айтылмайды. Осыған келіссең, менімен еріп жүресің. Бір түйе, екі ат әкел, қасыңа ешкімді ертпейсің, екеуміз ғана барып, алып қайтамыз қазынаны. Бұдан бұра тартар болсаң, кетемін». Мырзаекең «әулием», «менің қорғаушым», «қыдырым», «құтым» деп жылап жүріп, түйе мен ат әкелді. Екеуі ғана барып, түйеге артып, қазынаны алып қайтты. Бұдан кейін қайыршы Бақаның қадірі мен құрметінің артуын сұрамаңыз. «Мағынасы бұл дүниенің күні» дегендей, Бақа қадірленудің де аяқталар күні жетті. Керейлер қыстама орнына қайтуға дайындалды. Бақаның да өз еліне қайтуға ойы нық бекіді. Анадағы жаны тыл үстіндегі халі ойына келе берді. Сөйтіп, Бақа мырзаның рұқсатымен еліне қайтты.

Абай:  «Әлгі мырзасы не берді!?» – деп зілдене сұрады.

– Иә, Абай аға. Мырза Бақаға жол азығына қосып, бір көйлек-дамбал кигізді, – деп жауап қайтарды.

Абай Мамаққа қарап отырып: «Жалға ертегіңді», – деді. Мамақ әрі қарай сөйлей жөнелді.

Бақа Тобықты еліне, Шыңғыстау жеріне есен-аман жетіп, қайыршылық кәсібін жалғастырып қыстан шықты. Жаз шығысымен жолаушы жүргендерден хабар тосады. Тосатыны – Керей елінің жайлауға көшіп келуі. Бұл хабар да жетіп, Бақа көрген жердегі Керей ауылына да жетті-ау, бірақ екінші рет келгендегі көргені есіне түсіп, қорқа береді.

Жоқ, бұл жолғы қорқынышы жай болды. Керей мырзасының да, елінің де «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ», мамыражай күй кешуде екен. Бұл жолы ауылдың бір адамы ұшырасып қап, мырзадан сүйінші сұрауға кетті. Ол енді «жаяуламаңыз, қазір ат әкелемін» деп кеткен-ді. Көп кешікпей мырзаның көкжорғасын жетектеп кеп, асқан құрметпен ауылға әкеп түсірді. Ауыл адамдары түп-түгел жиналып қарсы алды. Мырза есі шыға қуанып: «Құтым, қыдырым» келді менің! Аллаға шүкір, сіздің шарапатыңыз, биыл мал-жан түгел, биыл сізге деген құрметім де ерекше», – дейді.

Шынында, биылғы мырза құрметінің ерекшелігі сондай – бүкіл Керей елінің үстінде қаймақ боп жүзді. Не бір қасқа жайсаңның төрінде отырды. Не бір құлан аяқ сәйгүлікке мінді. Бірінің келіні, бірінің қадірлі қариясы, бірінің жалғызы иә жартысы сырқаттанса, мырзаға кеп Қара бақсының түшкіріп, тамырын ұстауды сұрайды. Мырза болса өзінің сыйласы, құда- құдаңдалысына ғана жібереді мұны. Қара бақсыны «Алла маған ғана жіберген» деп, өзінің меншігі санайды. Бақа да әулие болып көрінуге тырысады-ақ. Ем-домы, үшкіргені үшін сабақты жіп алмайды. Тамаққа тойса болды ғой. Сонымен, бұл үшінші жаз да өте шықты. Бақа Тобықтысына қайтуға мырзасынан сұранды. Мырзасы: «Әулием, бірер күнге бөгеле тұрыңыз, ел жақсыларының басын қосып, сый-сияпатпен шығарып салмақпын». Ел ағаларын шақыртып, Бақаға арнап қоштасу қонақасысын берді.

Бақа тамаққа тойғанмен, көңілінде бір түйткіл пайда болды. Бұл не береді? Жаяу қайтарса, ел-жұрт көзінше қалай жөнелмек? Бұрынғы екі ретте де түнде ешкімнің көзіне түспей жылыстап кеткен. Осы түйткіл Бақаға ұйқы бермей, ерте оятып, қонақүйдің көлеңкесіне отырғызды. Келген бай-мырзалар да түрегелді, жуынды-шайынды дегендей. Ертеңгілік асқа отырды баршасы. «Мырза тұрды» деген хабар келді. Бұлар дуылдасып шәйді орталағанда, «Әулиені сыртта мырза шақырады» деп біреу келді. Және соңынан екіншісі келіп, «үйдегілер түгел далаға, сыртқа шықсын» деп  хабар әкелді. Үйдегілер сыртқа шықса, ішінде Бақа да бар, мырза құдық басында тұр. Бұлар келсе, мырза таяғын қос қолымен сығымдап ұстап, таяғының төменгі ұшына еңсесін сала төмен қарайды. «Әулием, бері кел» десін мырза. Бақа келсін. «Мынаның ішінде не бар?» десін мырза. Бұлар қараса, таяқтың төменгі ұшында тостағаннан үлкендеу екі сырлы аяқ. Астыңғысының үстіне екінші аяқ төңкерілген. Мырза төбесін таяқпен басып тұр. Бақаға ежірейе қарап: «Мынаның ішінде не бар?» – деп сұрайды тағы да. Бақа шошып кетіп: «Мен қайдан білем мырза?» – десін. Мырза дауысын көтере: «Сен неге білмейсің? Айт, қане!» – деп жұлқып-жұлқып жіберсін. Бақа: «Мырзам, білмеймін, білмеймін», – деп жылай береді. Арғы көңілінде «ажалың жеткен жерің осы» дегеннен басқа ой жоқ еді. Енді мырза құтырсын. Көзі ақиып, екі езуіне көбік жиналып: «Бұл әулие емес екен, мені алдап, дуалап жүрген алаяқ болды. Әулие болса, мына аяқтың ішіндегіні неге білмейді? Көк ала інгенді ұрлап, жарға тіздеп қойған да осы екен. Қазынамды ұрлап, тығып қойып, өз дүниемді өзіме қайтарған да осы екен. Ондағысы оңай олжаға кенелмек, мен бұған мол-мол сыйлық бермек екем ғой, сол алаяқтығы үшін. Жоқ! Мен мұны сендерге көкпар қып тартқызамын, көкпар қып беремін. Атқа қоныңдар!» – деп сілкінсін. Бақа мырзаның аяғын құшып:

– Сорлы Бақа-ай, ажалың осында жетті-ау, бір секірдің құтылдың, екі секірдің құтылдың, үшінші секіргенде тұтылдың, – деп өкіргенде, мырза етбетінен аяғын құша жығылды. Жұрт аң-таң. Ұзын иір қара Бақа жылап ол жатыр. Оның аяғын құшып мырза жатыр жылап… «Әулием, кеш мені! кеше гөр, тақсыр! – деп жылайды ол. – Астафиралла! Мен құдықтың қасынан өтіп бара жатып, астаудан ағып жиналған судан шыққан бақаны көріп қап, таяғыммен төбесінен тық еткізгенімде таяғым тимеді. Бақа секіріп кетті. Екіншімде де солай болды. Үшінші реткіде таяғым дәл тиді де, бақа сеспей қатты. Сол мезетте осымен әулиемді сынағым келді де, екі ағаш аяқты алғызып, өлі бақаны ортасына салдым да, сендерді шақырттым. Әулием соны, таяғымның екі реткіде тимей, үшінші ретте тигенін қалай білді? Әулием, кешір мені! Кешіре гөр мені, сіздің әулиелігіңізге шек келтірдім-ау. Кешіресіз бе, әулием?» – деп жылайды мырза. Есеңгіреген Бақа оқиға барысын ұға сала мырзасын құшақтап: «Кештім қарағым, мырзам», – деп жылайды. Жаңадан мал сойылып, ас ішіліп, дұға қайырылып, тыным болды-ау. Үлкен бесіннен өте мырзаның әулиесін шығарып салу салтанаты болды. Бақа қайыршы Тобықтысына қайтты.

Абай: «Әй, Мамақ! Керей мырзасы Бақа қайыршыны не беріп қайырды?» – десін. Мамақ: «Бір жүйрік өгіз мінгізіп қайырды», – десін.

Абайдың жүзі жадырап, күліп-күліп алып:

– Жарадың, Мамағым, қазақ ертегі айтады. Ертегіде бай мен кедей болады. Бай кедейді болмашы бір еңбегі үшін ат мінгізіп, шапан кигізіп, қайтарып еді деп, жарылқатады да салады. Қай бай есепсіз дүниесін шашады. Дүниесін есепсіз шашса, ол бай болушы ма еді?! Ешкім де дүниесін есепсіз бере салмайды. Мамақтыкінің жөн болатыны – күллісін Бақа қайыршының еңбегіне орай шешкені. Бақаның  көкейін ғұмыр бойына тескені бір тамақ емес пе еді?! Алғашқы жолында сол арманы орындалды. Өзі көтергенінше тамақ берілді. Анығында, ол сол тамақ құнындай ғана еңбек етті. Кездейсоқ көк ала інгенді көрді. Айтып берді соны. Болғаны сол ғана. Екінші жолы ол сәл қысылды. Соған лайық тамақтан өзге, көйлек пен дамбал киді. Бұл қайыршы Бақаның еңбегіне лайық өтем. Бай дүниеқорлығының да өлшемі сол. Үшінші жолғыда Бақа өлім мен өмірдің қайсысында болмақ еді? Оған жүйрік өгіз мініп қайту  лайықты сыбаға еді. Мына Мамақ соның баршасын таразыдай, өлшеммен шешті. Бай біткен жомарт, жарылқағыш емесін сен, Мамақ, біледі екенсің, соныңа разымын. Ертегіңді елге айтып жүре бер, – деген екен.

Дереккөз: zhasalash.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://www.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!