Оралман қасқыр (этнографиялық әңгіме)
Присоединяйся:

Читаем

Оралман қасқыр (этнографиялық әңгіме)

3 апреля, 22:03

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алтайдың арғы бетіндегі туған ауылыма бардым. Сонда естіген мына бір оқиға әлі есімде. Бізге жамағайын, алыс рулас апамызға үйленген, әрі көп жыл көрші отырған Саяси атты жездеміз бар. Мен барғанның ертеңінде сол жетті.

Құдай өзіне мал мен басты берген. Бес ұлы - бес отау. Әрқайсысында 500-1000 бас ұсақ малы бар. Бір-бір қыстақты иемденіп алып, шалқып жатыр. Бұл жақ ондай өмірді «Абай жолы» романынан талай оқыған. Шіркін, қазақтың иісі мұрнына бармайтын, қалада өскен «кісі киік» бейбақтарды осында апарып, Саяси жездемнің қолына бір ай ұстатқанда ғой, қыбын қандырып, ұрмай-соқпай орта ғасырдың қазағын жасап шығарар еді. Ол Сәкеңнің қолынан келеді.

Сәкең жездейдің келе жатқанының өзі сұмдық. Апырып-жапырып сөйлеген сөзі жарты шақырым жерден естіледі. «Қайда, әлгі Қазақстаннан келген неме, өзі қазақша біле ме екен? Орыс болып кетпесе, мені келіп аттан түсірсін...», - деп шірейді. Аттан түсіріп алайын деп жетіп барсаңыз, «Іздірасти» деп қамшымен жон арқаны көздеп тартып жібереді. Онымен қоймай,  «Атаңның қамшысын сағынған шығарсың, ырым жасағаным ғой» деп шалқақтайды-ау.

Содан Сәкең сөйлейді ғой... «Е, Қазақстанда жер көктеді ме?  Патшаларың аман-есен бе? Мұнда ет жеп, тойынайын деп келдің бе?...». Жауап беріп үлгермейсің. Жауап беріп те қажеті жоқ. Бас изеп қойсаң, Сәкеңе сол қанағат. Тиегі ағытылған тоғанның суындай сылдырап отырған жездеміздің анда-санда  шонданайына оқ тиген тау құлжасы секілді танауы сәңірейіп, отырған орнынан тақымын көтеріп, оқшырайып тұрып қарайтын әдеті бар еді. Бұл жолы  да  сөйтті. Маңызды бірдеме айтар алдындағы әдеті.

Содан кейін маған қаратып: «Әй!», - деді, лақ текенің сақалындай ақ-қарасы аралас қылшық өскен иегін шошаңдатып, - Сендер  неге Қазақстанның бар қасқырын  біздің жаққа  айдап жібересіңдер!?».  Мен мұны жездейдің қырық қалжыңының бірі шығар деп:  «Сенің малың өсіп кетіпті, соны жесін деп, бір үйір қасқыр жіберген едік», – деп әзілдеген болдым. От айналып отырған жұрттың бәрі бір ауыздан: «Сәкең рас айтады. Қазақстанның қасқыры келгелі біраз жыл болды», - дегені.

Шынында солай екен. Бір жылдары колхоз-совхоз жекеленіп, ауылдарда мал қалмай таратылғанда, ашыққан қасқырлар далада малы сыймай жатқан біздің елге ауып барыпты.

Жергілікті халық көшпенді қасқырларды  алыстан айнытпай таниды екен. Ауылдастарымның айтуына қарағанда, тұрқы қысқа, терісінің түбіті аз, ақшулан қылшық жүнді байғұстардың күш-қуаты да шамалы көрінеді. Қозы-лақ, бота-құлын  тәрізді  жас төлдер болмаса,  ірі малдарға шамасы жетпейді. Оның үстіне ғасырлар бойы Қобда бетін мекендеп, сай-саласын меншіктеп алған жергілікті қасқырлар  әлгілерді күркіреп қуғанда бейшаралар қашып қораға өздері келеді екен. Алдынан әупілдеп қойшының қара төбеті жүгіреді.  Тыраңдап қайта тауға қашады.

Біздің ауылдың шайқы шалдары  осы қызыққа ұз-а-қ қарап отырыпты да, әлгі ел-жерге сыймай  жүрген сорлыларға бір ауыздан «Оралман қасқыр» деген ат қойыпты. Кейде қымыз ішіп желіккен жігіттер не «азаматтығы», не «баспанасы» жоқ бейбақтарды бытырлатып соғып алады. Менің Сәкең жездем есік көзіне таман отырған балдыздарын қамшымен нұсқап: «Мына боқмұрындар «Қасқыр соққан» атақ алып, бір жырғап қалды» - деп, кеңк-кеңк күлгенін көрсеңіз ғой.

Туған ауылымда екі апта жаттым. Аттанардан бір күн бұрын «қош бол!» айтайын деп Сәкең үйіне бардым. Барсам, есік алдында отыр екен. Сәкең: «Кеше Құйған жаққа балалар қой өрістетіп қайтып еді, жаңа туған екі-үш қозыны қасқыр жеп кетіпті», - деді. Мен «Оралмандар жеп пе?» деп сұрадым. Сәкең: «Солар ғой», - деп, тым сүлесоқ жауап берді.  Одан кейін батысты бетке алып қаңқылдап ұшқан бір топ сарыала қаздың артынан ұзақ қарап тұрды да, «Жей берсін, атажұрттың өзі болмаса да, көзі ғой, Алланың оған  берген ырыздығы  емес пе, білгенге бұның өзі - сынақ... Жүр үйге, дәм татып шық! Сенің де ырыздығың үзілмесін!», -  деді. Әумин!

Бекен Қайратұлы

Дереккөз: egemen.kz

другие статьи