Слабовидящим
Поиск

Читаем

Абай-Шәкәрім: сөздердің қолданысындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар

11 апреля, 19:17

Шәкәрімнің діни өлеңдерінің танымдық табиғаты ерекше. Шәкәрім дінтануы – ғылыми дәрежеде. Себебі, Шәкәрімнің дінтануы пендешілікке толы жер бетінен аулақта, ғарышпен байланысты өрістейді. «Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса, бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүргені» – дейді ол «Үш анығында». Бұл – жан туралы толғанысы, «бар нәрсе жоғалмайды»-ны түсіндіруі.

«Екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол мұсылман жолы сияқты» екенін айтқан Шәкәрімнің дүниетанымы мен дінтануы аса қуатты, оның діни өлеңдерінің де, басқа жазбаларындағы дінтануының да аясы кең, ерекше, өзінің алдындағы «сөз жазушылардан» сипаты бөлек. Шәкәрімнің діни өлеңдері негізінен дидактикалық сарындағы көркем поэзия үлгілеріне жатады.

Сондай сөздердің кейбіріне тоқталып өтелік: арулау – тазалау, тазарту мағынасы Ақ бұйымға орап алғанында, Құндаққа қойды таңып сап. Жып-жылы суға салғанында, Денемді әбден арулап деген жолдарда жүрМағынасы сол күйінде тұрғанымен, қолданылып тұрған орны бөлек. Өлген адамды жуып-тазарту мәніндегі арулауды Шәкәрім жаңа туған нәрестені де тазартып-жуу мәнісінде қолданып отыр. Арулаудың нақ осы мағынасының Абай өлеңдерінде кездесуі жайында академик Р.Сыздық ештеңе дей қоймайды. Сондықтан арулау сөзінің осы қолданысы Шәкәрімнің оны өз өлеңдерінде бейнелілікті тудырушы бір элемент орнында жұмсауынан пайда болған. Дегенмен жас баланы жуып-шайындыру мен өлген адамды арулаудың тең еместігін, ол кез үшін норма бола қоймағанын қазақтың сөзін тергеудің білгірі М. Әуезовте, Абайда осы мәнінде кездеспеуіне қарап байқауға болады.

Ару – тазалық, пәктік. Шәкәрім ару сөзінің ертеден келе жатқан мағынасын келтіреді. «Бейісте бар сұлу жар, Мінсіз таза, хор қыздар. Рахат берер бал кәусар» – дейді біздің молдалар. Айтады да бұл сөзді, Арудан тыйды ол бізді (Шығ.,243-б.). Арудан тыю, яғни тазалықтан кету, пәк болуды тоқтату мағынасын білдіреді.

Абайда сауыт сөзі негізгі қорғаныс киімі және қорғаушы, сақтаушы дейтін ауыспалы мағынасында екі рет жұмсалған (АТТС,530-б.). Байқалып тұрғандай, қолданыс жиілігі жоққа тән. Абай тілінде өткенді елестету үшін ара-тұра қолданылған бұл сөз өзінің бұрыннан келе жатқан байырғы мағынасында Шәкәрімнің бірен-саран өлеңдерінде ұшырасады. Сауыт сөзі Шәкәрім өлеңдерінде жеке күйінде кездеседі және ақ сөзімен тіркескен күйінде қолданылады. Тіркесіп келгенде, жыраулық дәуірдегі дәстүрлі эпитеттік мағынасында жұмсалады.  Бірақ бұл сөз ұшырасатын ақын өлеңдері тікелей соғысты, ұрыс қимылдарын көрсету үшін жазылмағанын ескерткен жөн.

Сауытпен көбіне-көп тіркесетін ақ сөзінің мифтік мәні тәңірлік нанымнан бастау алады, ақ сөзі қазақ танымындағы маңызы күшті сөздердің бірі болған. Қазақ халқының философиялық мұрасын жинақтаған кешенді еңбектің авторлары  «Тәңірлік сенімде  Тәңір – жердің иесі. Қазақтардың Тәңірге жердің иесі ретінде қарап, оған құрбандық атау әрекетін Е.Тұрсынов «Қазақ әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» (Алматы,1976,39-б.)  дейтін зерттеу еңбегінде «ақ жылқының қылына оралған бір шелек қымызды «Жер-суымыздың иесіне желі арнап, сыйлау үшін келдік», – деп қайың ағашының алдына қоятындығын келтіреді» деп атап өтеді (Қазақ халқының философиялық мұрасы. Алматы. – Аударма, 2005,84-б.). Ақпен тіркескенде сауыт та киелі ұғымдармен теңеседі, солармен бір деңгейде қарастырылады.  Қазақтың осы ақ сауыт сынды бұйымдарын қадірлеп, қастерлеу қажеттігін жақсы ұғынған Шәкәрімнің бұл тіркесті қолдануының өзіндік логикалық шешімі бар: а) тазалықты, ақтықты кие тұту және кірсіз ақылмен өмір сүру дейтін ақынның өмірлік ұстанымына ақ сауытты қастерлеуге шақыруы сай келеді; ә)сонымен қатар шаблондық үлгідегі ақ сауыт тіркесін (дәстүрлі эпитеттік қолданысты) Шәкәрімнің өз өлеңдерінде келтіруі оның жыраулардың мұрасымен етене таныстығын көрсетеді, ескі дәуірдің бір қастерлі дүниесі батырлар киген сауыт екенін еске салуға мүмкіндік береді, ел қасиеттеген дәстүрдің бұзылуына ақынның қарсылығын білдіреді. Мысалы: Атадан қалған ақ сауыт, Арамға әбден былғанды.

Шәкәрім өлеңдеріндегі сауыт сөзі жеке-дара күйінде екі түрлі мағынаны білдіреді: а)бұрыннан келе жатқан жауынгерлік киім мағынасында; ә) дене мүшесі, әлдебір дене мүшесінің сыртқы қабығы, қоршауы, тұрақ еткен орны, мекені мағынасында. Екінші мағынасында поэтикалық сипат алып, ақынның суреттеу, бейнелеу құралына айналады. Шәкәрімде жиі кездесетіні – осы екінші мағынасы. Әрине, мұндайда сауыт сөзі тура мағынасында жұмсалмайды, мағыналық ауысуға орын беріледі. Айталық, жан, дене, тән туралы толғағанда, Шәкәрім басты мидың сауыты (киімі) деп келтіреді: Қайран ой, қайран ми. Қоштастым жылап. Кешікпей-ақ қалар деп Орын қылған сауыттарың құлап (И., 189-б.);  Дене сауыт сықылды жанның орны (сонда, 51-б.).  Ауыспалы мағынасында Абай тіліндегідей қорғаушы, сақтаушы (Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады) мағынасына жуықтығы  (қоршау – қорғау – қорғаныш) байқалып тұрады.

Өткен кезеңде сауытпен қарайлас жұмсалатын, жиілігі жағынан тең түсіп жататын соғыс, қару, әскер, найза, қылыш сөздері де Шәкәрім тілінде әр тұстан бір бой көрсетіп қалады. Кешікпей соғыс ашып, белдеседі (тұтас соғысты сипаттау емес, хабар беру түрінде) және Айласы артық, қаруы сайы жеңіп; Ұстанғалы әскер мен қару сайлық? (И.,85-б.); Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын; Қару, әскер тастаудың жөні келмек (хабарлау түрінде) дегендегі қару соғыс құрал-жабдықтарының жалпы атауы ретінде жекелеген жолдарда, кейде  бір өлеңнің ішінде бірнеше жерде жүр.  Шәкәрім өлеңдерінде қару – әскери жарақтың жалпы атауын білдірумен қатар әдіс, айла, амал, тіпті білім, білімділікті (біліммен қарулану)сонымен бірге білімнің жеткіліксіздігі мағынасында пайдаланылады: Не сыр бар дін деген жолда, Кітап, тәпсір, қожа, молда… Бояулы бір шатақ ол да,  Сынарлық қаруым жоқ сай (Шығ.,135-б.), Саяз ойлы сыншылдың, Қаруы адыра қалған күн (И., 22-б.). Абайда қару күш-қуат, әл-дәрмен және соғыс құралы, жарақ мағыналарында жұмсалған.

Найзаны тура саламын, Аямай мініп аламын /1/;  Бас алуға жаралған бір жәдігөй, Өткір қылыш сықылды уға малған /2/ (И.,50-б.). Найза, қылыш сөздерінің бірі әскери қару-жарақтың атауы болып, тура мағынасында /1/, енді бірі теңеу орнында /2/ жұмсалып тұр. Найза сөзін Абай бүркіттің тұяқтарын бейнелеуде (Сегіз найза қолында, көз аудармай), көркемдеуіш құрал ретінде ғана пайдаланған.

Пырақ. Қазақ әдебиетінде батырлар жырларында, қисса-дастандарда кездесетін бұл сөз Шәкәрімде де бір-екі жерде,  жел жетпейтін жүйрік жылқы деген өз мағынасына жуық, жүйрік ат (жылқы) мәнінде ұшырасады. Кейде әсірелеу мақсатында пайдаланғаны байқалады: Солай деп нануым неген, Жамандатсын пырақ мінсем. Батырлар, мифтік кейіпкерлер мінетін ат, мифтік жылқының атауы Шәкәрім заманында бейнелі образ ғана. Келтірілген мысалдағы жамандатсын сөзінің қолдануы пырақтың жылқы малы екенін білдіреді, өйткені жамандатқыр малдың індеті, ауруы. Пырақ сөзі Абай тілі сөздігінде көрсетілмеген.

Қысқарған сөз:
И. – Шәкәрім. Иманым. – Алматы: Арыс, 2004.

 

Бағдан Момынова,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
А.Байтұрсынұлы ат. ТБИ

Дереккөз: tbi.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://www.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!