Павлодарда «Күн сәулесі» және «Тіл керуені» атты жобалар жүзеге асуда
Присоединяйся:

Новости и объявления

Павлодарда «Күн сәулесі» және «Тіл керуені» атты жобалар жүзеге асуда

31 марта, 18:55

«Қазақстандықтардың басын біріктіруші фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек», - деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, тіл – бұл біздің ата-бабамыздан қалған асыл мұра.

 Терең мәнді ұлттық бірегейлігімізді сақтайтын ана тіліміз – қазақ тілі. Ұлттық бірігейлікті сақтау – бізді басқалардан айрықша етіп көрсететін  ұлттық рухымызды сақтау. Бұл ұлттық дәстүрлеріміз бен салтымыз,  тіліміз бен музыкамыз,  әдебиетіміз бен өнеріміз, біздің дастарханымыз бен  ұлттық ойындарымыз.

Мемлекеттік тіл, ана тіліміз тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. 

Ана тілінде сөйлейтін, патриоттық рухты қалыптастыру, оны өскелең ұрпақ бойына сіңіру – бәріміздің алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі.

Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы соның ішінде ұлттық бірегейлікті сақтау бағытын іске асыру аясында қазақ тілін халық арасында насихаттайтын бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ана тілі орталығы және Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен «Күн сәулесі» мен «Тіл керуені» сынды ұзақ мерзімді жобалар іске асуда.

 

«Күн сәулесі» жобасы

«Күн сәулесі» жобасы – Брайль жүйесіне негізделген көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы қазақ тілі курсы.

Жобаның мақсаты – көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға тіл үйрету арқылы әлеуметтік ортаның өзара іс-қимылына бағытталған олардың білім беру қызметіне, әлеуметтік бейімделулеріне жағдай жасау, әлеуметтену деңгейлерін және мәдениетаралық коммуникация дағдыларын арттыру болып табылады.

Курс барысында зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтар қазақ тілін, мәдениетін, ұлттың салт-дәстүрін арнайы Брайль жүйесіне негізделген оптикалық құрылғылар, тифлоқұрылғылар, релефті-графикалық (соқырларға) және жазық баспалы (көзі нашар көретіндерге) оқу құралдары, сондай-ақ жаңа ақпараттық технологиялар арқылы үйренеді. Әртүрлі жағдаяттарда лексикалық минимумдар қолданылған дыбыстық аудиожазба құрылғысына жазылған сөйлеу моделдері, көзі көрмейтіндерге арналған арнайы әлеуметтік-белсенді және рефлексивті оқыту әдістері мен технологиялары қолданылады.

Аталған жоба қазақ тілі, мәдениет және орта арқылы жеке тұлға дамуының үш фокторынан тұрады. Қазақ тілін үйренушілерге жасанды тілдік ортаны қалыптастыруға бағытталып, қазақ тілін әр түрлі деңгейде білетін адамдарға тілді үйрету, қазақ халқының мәдениетімен, өңірдің тарихымен таныстыру мақсатында жүзеге асуда.Жалпы аталған жобамен 90 көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар қамтылды.

 

 «Тіл керуені» жобасы

Коммуникативтік мәдениетті дамыту мен қалыптастыруға, тілдің дамуына және Ертіс өңірінің тарихымен және мәдениетімен таныстыруға жағдай жасау мақсатында 2017 жылдан бастап  «Тіл керуені» жобасы іске асып келеді. Жоба барысында үйренушілердің тілдік ортаға енуі арқылы танымдық-ой қызметін жандандыруға мүмкіндік туғызатын элементтері және қазақ тілінде қарым-қатынас жасау дағдылары ескеріледі. Тілді меңгеру арқылы сол халықтың тұрмысын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, аймақтың геосаясаттық аспектілері туралы және менталитетімен танысуға мүмкіндік береді. Жоба барысында ойын-сабақтары, флеш-тренингтер, ойынның психологиялық сипаттағы жаңа технологиялары қолданылды.

Тыңдаушыларды тілдік ортаға бейімдей отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тарихын зерттеу арқылы тілдік ортаға енулеріне жағдай жасалады. Сонымен қатар,жоба қатысушылары театрға, музейге және басқа да әлеуметтік мәдени нысандарға бара алады.

Ерекше форматта өткізілген жаңа жоба оның облыстың барлық қалалары мен аудандарында іске асырылуына бастама беріп, нәтижесі бойынша жобаға 110-нан аса адам қамтылды.

Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», - дегендей тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тіл мәселесі бүгінгі күні өзекті болып табылады.Облысымыздағы осындай бастамалардың арқасында тәрбиелік мәні жоғары шараларды көптеп өткізіп, тіл деңгейін халық болып көтерейік! Мәртебесін көтеруге жол салайық!

 

Павлодар облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Дереккөз: ruh.kz

другие статьи