Енді дүнген балалары қазақша оқиды
Присоединяйся:

Новости и объявления

Енді дүнген балалары қазақша оқиды

6 июня, 15:42

 

Жамбыл облысында жаңа оқу жылынан бастап барлық 1-сынып оқушылары мен балабақшалардағы оқыту мемлекеттік тілде жүргізілетін болады. 

Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында Қордайдағы оқиғалардың ащы сабағынан туған бірқатар мәселелер талқыланды.

Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева өз баяндамасында биыл 21 мың адамның қатысуымен 202 іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күн тәртібіне байланысты аймақта қалыптасып отырған жағдайды қатты сынға алды. Қордай оқиғаларынан кейін алға қойылған көптеген міндеттер тиянақты орындалмаған.

«Бұл шаралардың нәтижесі қайда? Ешқандай оң өзгерістерді байқамадым. Бәрі сол қалпында. Тұрмыстық жанжалдарға ұлтаралық сипат беруге дайын адамдар әлі де кездеседі. Бұл – жергілікті жерлерде тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ деген сөз», – деді облыс әкімі.

Ол «Қоғамдық келісім» КММ мен Аналар кеңесінің қызметінің нәтижесіздігін алға тартты.

«Қоғамдық келісім» КММ штатында 40 адам бар. Олардың немен айналысып жатқаны түсініксіз. Олар қарапайым іс-шараларды ұйымдастыру, саны күн сайын көбейіп отырған мәдениет және спорт нысандарын тиімді пайдалану бойынша әрекет етпейді. Бұл жұмыстар өз деңгейінде орындалар болса, ол ұлтаралық келісімді нығайту бағытындағы сәтті қадамдардың бірі болар еді, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, жиында Аналар кеңесі өз міндетін толық орындай алмай отырғандығы, аға буынның балалар тәрбиесіне атсалыспайтындығы айтылды.

«Баяндамада барлығы тізілгенімен, бірақ нақты іс жүзінде жұмыс жоқ. Жастардың халықтық дәстүрлерге деген сүйіспеншілігін ояту, үлкендерді құрметтеуге баулумен ешкім айналыспайды», – деді Бердібек Машбекұлы.

Ол ауылдарда тұрақты түрде сауалнамалар жүргізіп, тұрғындарды қандай мәселелер толғанлыратынын анықтауды тапсырды.

Өз кезегінде ҚХА хатшылығының,«Қоғамдық келісім» КММ-нің құрылымы мен функциялары қайта қаралатын болады.

Кеңес барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Вынхуа» дүнген қауымдастығының төрайымы Айша Идыбо этномәдени бірлестіктер ұлтаралық келісімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосуға тырысып жатқандығын тілге тиек етті.

«Вынхуа» қауымдастығы жанынан қоғамдық келісім кеңесі құрылып, оған ақсақалдар, имамдар, аналар және жастар кеңестерінің өкілдері енген. Олар тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізеді.

«Вынхуа» қауымдастығының жастар қанатының мүшелері, дүнген ұлтының 175 педагогы мемлекеттік тілді меңгерген. Жаңа оқу жылынан бастап барлық 1-сынып оқушылары мен балабақшалардағы оқыту мемлекеттік тілде жүргізілмек.

Бердібек Сапарбаев дүнген қауымының өкілдеріне Мақтаарал халқына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы филиалының төрағасы Махмұтжон Давришев, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы филиалының төрағасы Латиф Айдаров өз ойларын білдірді.

«Халықтың әл-ауқаты экономикаға, экономиканың дамуы – тұрақтылыққа, ал тұрақтылық елімізде тұратын барлық адамдардың өзара келісімі мен татулығына байланысты. Біз бірге болсақ, талай асуларды бағындырамыз! Қазақтар: «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпайды. Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүрдік. Жылдар бойына қалыптасқан дүниеден бір сәтте айырылып қалуға жол берілмейді. Мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін ақсақалдардың тұтас бір ұлттың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын асыл дәстүрімізді қайта жандандыру қажет. Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тұрады. Біздің еліміз «достық зертханасына» айналған. Татулық пен ынтымағымызды сақтау – біздің өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз», – деп жиынды қорытты облыс әкімі. 

Дереккөз: Ruh.kz

другие статьи