Қағанақ пен сағанақ
Версия для слабовидящих
Присоединяйся:

Полезно знать

Қағанақ пен сағанақ

17 июня, 2:46

Қағанақ дегеніміз – адам баласының, мал төлінің үйі, яғни, өніп-өскен қабы. Қағанағын жарды деп нақ қазір бұзаулаған сиырды айтады. "Қағанағымды жарып шыққан балам ғой, қағанағымды жарып шыққан жалғызым ғой" деп ана айтады.

Қарық болу – жарылқану, кенелу, тойыну. Қарық болу деп кейде суға кеткен, кеме, қайық апатына ұшырағандарға да айтылады. Олжалы болғанда, егін бітік шыққанда, мал төлді болған жылдары да қарық болып жатырмыз делінеді. Бұл – "қарық болу" сөзінің әртүрлі мәндегі қолданысы.

Ал қағанағы қарық болу дегеніміз – жарылған бала қабынан ақтарылған су, баланың өніп-өсуіне қажетті сұйықтың төгілуі. Қағанағы қарық деп аман-есен босанған ананың қуанышқа кенелгенін сипаттайды. Ал сағанақ дегеніміз – киіз үйдің керегесін тұйықтайтын шыбық. Киіз үй сүйегінің негізгі қаңқасы – кереге. Әр үй бірнеше керегеден тұрады. Оларды жеке-жеке қанат деп атайды. Кереге санына байланысты киіз үй төрт қанатты, алты қанатты, сегіз, он екі, жиырма төрт қанатты деп аталады.

Әр қанат бөлшектерінің өз атауы бар. Керегені құрайтын таяқшаларды керегенің шыбығы дейді. Шыбықтарды бір-біріне бекітетін қайысты көк, керегенің көгі деп айтады. Шыбықтардың айқасқан аралығындағы тор керегенің көзі делінеді. Барлық киіз үй керегелерінің (қанатының) ені бірдей болмайды. Ол керегенің неше басты екендігіне байланысты. Әрбір екі шыбықтың айқасқан жоғарғы қосылысын керегенің басы дейді. Бұған уықтың аяғы бекітіледі. Керегенің басы (жоғарғы жағы) сыртқа қарай сәл қайқы, ал аяғы тік болады.

Қанаттың (керегенің) екі шетінде ғана болатын ең қысқа екі шыбығы болады. Керегенің әр қанаты осындай төрт қысқа шыбықпен тұйықталып отырады. Қанаттың екі шетінде екеуі жоғары, екеуі төмен тұратын осы төрт қысқа шыбықты сағанақ деп атайды.

Сағанақ қанаттың созылып, жиналуына және үй тіккенде керегелердің бір-бірімен, ең шеткі есік босағаларымен жымдасуына аса қажетті тетік.

"Таныс сөздердің бейтаныс сырлары" кітабынан

другие статьи