"Абай тілінің сөздігі" - баға жетпес рухани құрал
Присоединяйся:

Новости и объявления

"Абай тілінің сөздігі" - баға жетпес рухани құрал

26 июля, 13:21

1968 жылы 26 шілде күні, яғни дәл бүгін «Абай тілінің сөздігі» жарық көрді. Хакім Абайдың мәңгілік қазынасы іспетті мұраны шығару үшін Тіл білімі институтының қызметкерлері 6 жыл ерінбей еңбек еткен екен. Алты мың сөз бен ұғымнан тұратын сөздік кейінірек 80 баспа табақ көлемінде Қазақ ССР Ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан басылып шықты.

Бұл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы шығармаларының тілін танып-білуге таптырмас ірі еңбектің бірі. Әсіресе, Абайдың тілі мен лексикасын зерттеушілерге аса қажет. Туындыда белгілі бір сөздің не сөз тіркесінің қай мағынада қанша рет жазылғанын, бір мағынадағы кей сөздерді ақынның қалайша бірге пайдаланғанын, оның ішінде қайсысын жиі, қайсысын сирек қолданғанын көруге болады. Мәселен, Абайда «тіршілік», «тірлік», «өмір», «мағишат» деген төрт сөз бір ұғымды білдіреді. Бірақ, пайдалану жиілігі мен поэтикалық жүгі әр түрлі: тіршілік 6 рет, тірлік 11, өмір 113, мағишат 1 рет қолданылған.

Ұлттың бағына біткен ұлы ақын, ағартушы Абай қазақтың жаңа классикалық жазба әдеби тілінің іргетасын қалауда рөлі зор. Кемеңгердің бұл сөздігі ұлттық әдебиеттің, әсіресе лексиканың тарихы жайлы баға жетпес рухани құрал. Зерттеушілер ақынның жеке лексикалық қорының байлығы 6030 сөз, ал сөздердің жалпы қолданыс саны 50 мың екенін анықтаған.

«Абай тілінің сөздігі» - сөз мәйегін терген, сөздің парқын білген, асыл жауһарды ұлықтаған кез-келген жан үшін таптырмас оқу құралы. Сөздік қазақ тілінің кешегісі мен бүгінгісіне шолу жасаған жеке зерттеу еңбек болмағанымен, салыстырып зерттеу үшін сұрыпталып тексерілген, белгілі бір жүйеге түскен тұтас бір дәуірдің дайын материалы.

Фонд Нурсултана Назарбаева

другие статьи