Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

АЛҒАШҚЫ ӘЛІППЕ АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ

6 августа, 16:21

 

Қазақ даласы білімнің жарық сәулесі мен ғылымның нұрын ­таратушы ұстаздар мен ғалымдарға ­кенде болмаған. Түрлі кезеңдерде ұрпақ алдындағы борышын еселеп өтеп өткен, аманатына берік ұлт ұстаздарының есімін бүгінгі күні біреу білсе де, біреу білмей, көпшілігі әлі де халыққа беймәлім күйде елеусіз қалып келеді.
 

Адамзат тарихындағы күрделі де бетбұрысы көп ХХ ғасырдың бастапқы кезеңі елдің білім беру саласындағы ұлт жанашырларының ерен еңбегі мен қажырлы қызметінің айқын көрінісі болды. Өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінің қарсаңында қазақ даласының батыс өңірінде білім мен ғылымды тарату ісімен шұғылданған халық мұғалімдерінің бірі – Зәкәрия Ерғалиев еді.

1889 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Тереңқұдық ауылында дүниеге келген Зәкәрия Ерғалиев ауыл молдасынан алғашқы сауатын ашқан. Кейін Қазан қаласындағы «Мұхаммадия» ­татар медресесіне оқуға түсіп, аталған оқу мекемесін 1912 жылы тамамдайды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Орал облысының Жәнібек, Жалпақтал, Тайпақ аудандарының мектептерінде ұстаздық қызмет атқарған. Зәкәрия Ерғалиев жаңа билік орнаған соң да өзінің білім жолындағы қызметін жалғастырған. Ол 1921 жылы Бөкей губерниялық оқу бөлімінің мұғалімдер курсын бітірген. 23 жасынан бастап жиырма сегіз жыл бойы ұстаздық қызметін үздіксіз атқарған.

ХХ ғасырдың алғашқы жылдары ­империя көлемінде, соның ішінде қазақ даласымен мәдени-ағартушылық тығыз қатынаста болған Қазан, Орынбор, Уфа қалаларында кітап шығару, мерзімді ­басылымдар мен оқу құралдарын жарыққа шығару ісі қарқынды дами бастаған. Халықтың сұранысына ие болған қазақ тіліндегі кітаптардың ауқымды бөлігі осы уақытта жарық көре бастады.

Белгілі ғалым Жиреншин Әбусағит Мұсылманқұлұлының 1987 жылы Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Из истории ­казахской ­книги» монографиясында ХХ ғасырдың ­басында қазақ тіліндегі қазақ кітаптарының тарихы тамаша баяндалады. Ғалымның жазуынша, жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ кітаптарының жарыққа шығуы ерекше үрдіс болған. Тек 1912 және 1916 жылдардың аралығында 156 атау кітап 658 000 дана тиражбен жарық көрген екен. Жалпы алғанда, 1900-1917 жылдар аралығында 400-ден астам әртүрлі тақырыптағы кітаптар көлемді тиражбен басып шығарылған.

Бұл тұста баспадан шыққан кітаптар­дың рәсімделуі, баспа сапасы мен қағаздары жақсара түскен. Кітаптардың тақырыптық ауқымы кеңейеді. Сол сипатына қарай басып шығарылған кітаптарды бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топ – саяси мазмұндағы кітаптар. Екінші топ – оқу және тәрбие сипатындағы кітаптар. Үшінші топ – шаруашылық бағыттағы, ал төртінші топ – әлеуметтік бағыттағы кітаптар. Бесінші топ – шығыс және орыс классиктерінің аудармалары. Алтыншы топ – қоғамдағы қазақ әйелдерінің теңдігі туралы кітаптар.

Бірінші топтағы кітаптар қазақ халқының өткен өмірін сипаттайтын және ұлттың алдағы даму мәселелерін баяндайтын саяси сарындағы басылымдар. Бұларға Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы, Шоқан Уәлихановтың шығармалары, Мақыш Қалтаевтың «Тура жол», «Қазақтарға арналған айна» және т.б. туындылары жатады.

Екінші топқа оқу ісі мен тәлім-тәрбие сипатындағы кітаптар жатады. Оларға ­К.Шахмардановтың «Кел, балалар, оқиық» (1898 жыл), Зәкәрия Ерғалиевтің «Қазақ әліппесі» (1910 жыл), М.Дибердиевтің «Қазақ балаларына арналған әліппе» (1910 жыл), М.Нұрбаевтың «Қазақ әліпбиі» (1910 жыл), Ғ.Мажитовтың «Қазақ оқушыларына арналған насихат» (1910 жыл), Т.Жомартбаевтың «Балаларға сый» (1912 жыл), Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала» (1912 жыл), И.Бейсенбаевтың «Қазақ тілінде сауатты жазу ережесі» (1914 жыл) және т.б.

Қазақ тілінде кітап даярлау және ­басып шығару ісінде алдыңғы толқынның қатарында Зәкәрия Ерғалиевтің де болғанын көреміз. Оның Қазан қаласындағы «Мұхаммадия» медресесінде оқып жүрген шағында өзі құрастырған оқу құралын шығаруы білім беру саласына өзінің сүбелі үлесін қосатын білікті ұстаздың алғашқы қадамдарының бастамасы болған еді.

Зәкәрия Ерғалиев «Мұхаммадия» медресесінде оқып жүріп, 21 жасында «Қазақ әліппесі» оқу құралын жазып, оны 1910 жылы Қазан қаласында баспадан шығарған. Оқу құралының мазмұны жөнінде бізге тарихшы З.Тұрарбековтің мақаласы біраз ақпарат береді.

Ғалымның жазуынша, «Қазақ әліппесі» араб әрпімен жазылған. Кітаптың алғашқы 30 сабағы араб әріптерінің жазылу тәртібін түсіндіруге арналған. Одан кейінгі сабақтар оқушыларға білім, өнер, тұрмыс мәселелерінен, ғылым ­салаларынан алғашқы мәліметтер беретін мақала, әңгіме түрінде берілген. ­Мысалы, «Балаларға біраз насихат» деген ғақлияда шәкіртті жалқаулықтан арылып, білім кәусарынан сусындауға шақырады. Келесі бір мақала тарих ғылымының мән-маңызын түсіндіреді. Тағы бір мақалада жыл, ай аттары, бір айдағы тәулік саны, мүшел жылдарын санау тәртібі баяндалған. Оқу құралы тек жалпы сауаттылықты үйретуге ғана бағытталмаған, онда тәлім-тәрбие негіздері, еңбекке баулу, ғибратты әңгімелер, мәдени және тарихи таным негіздері, ғылымның түрлі салалары туралы мәліметтер кеңінен қамтылған. Зәкәрия Ерғалиевтің «Қазақ әліппесі» талай ауыл жеткіншектерінің сауатын ашқан білім кәусарына айналғаны сөзсіз.

Отыз жылға жуық ұстаздық қызметінен тыс Зәкәрия Ерғалиев аймақта баспа ісін жандандыруға, халықтың көзі мен құлағына айналған мерзімді басылымның дамуына өз үлесін қосқан. Ол ғылым-білім жолындағы үзеңгілес серіктерімен қатар Бөкей ордасындағы мерзімді басылымдардың жандануына атсалысты. Батыс өңірдің белгілі қоғам қайраткерлері, публицист әрі белсенді азаматтары Ғұмар Қараш, Ғабдол-Ғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаевтармен қатар, «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия» және «Киргизская правда» газеттерінде еңбек етті. Әсіресе, қазақ даласындағы тұңғыш кеңестік баспаханадан шыққан «Дұрыстық жолы» газетінің құрылуы мен қызметі барысында біраз еңбек сіңірген. Батыс өлке үшін сұранысқа ие болған бұл мерзімді басылым 1919 жылдың 20 ақпанынан 10 шілдеге дейін Бөкей губерниясының орталығы Орда қаласында шығып тұрған. Айына екі рет шығып, барлығы 11 нөмірі жарық көрген газеттің тек Қазақстанның батысында ғана емес, Жетісу және Семей облыстарында да жаздырып алушылары болған.

Зәкәрия Ерғалиев осы газеттің шығарушысы – «Жазушылар құрамасы» деп аталған редакциялық алқа мүшелерімен тығыз байланыста болған. Газеттің 3-ші санында, яғни 1919 жылдың 20 наурызында оның «Совет хүкметі һәм атқа мінген ардақты азаматтарымыз» атты мақаласы жарияланады. Мақала халықтың Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кезеңді басынан кешіргені, билікке мүдделі күштердің өзара күресі мен дәмесі туралы тарихи мазмұндағы ой-пайымды баяндаудан басталады. Таласқа түскен күштердің ішінде ең мырзасы да, айтса сөзі өтіп, ұсынса қолы жететін, ойға алған мақсаттарын тез орындаушы бір дегдар болса, ол – Совет үкіметі деп түйіндейді. Жаңа биліктің бұқара халыққа оқу, оқыту, өнер, білім саласындағы беріп отырған мүмкіндіктеріне баға береді. Патшалық билік тұсында өзінің ұстаздық жолын бастаған ұлағатты ұстаз үшін жаңа үкімет уәде етіп отырған ұлттық мектептерді ашу, мұғалімдерді даярлау ісі болашаққа деген жарқын үмітті оятқандай болды. Білім беру курстарының ашылуы, ана тіліміздегі әртүрлі кітаптардың көптеп шығарылуы, Ордада мұғалімдер үшін арнаулы «Мұғалім» журналының шыға бастауы үміттің сенімді іске аса бастағанының көрінісі деп сипаттайды.

Сонымен қатар ол баспасөз басылымдарын таратуға қажетті орысша-қазақша харіфтердің жеткілікті екенін, басқа да керекті саймандарымен бірге баспахананың құрылғанын, өзі шығаруға қатысқан «Дұрыстық жолы» газетінің шыққанын аса зор қуанышпен хабарлап, осы жолда аянбай тер төгіп жүрген алаш азаматтарына алғысын білдіреді.

Зәкәрия Ерғалиевтің ата-бабалары – ноғай ұлтының Кіші жүз құрамына сіңіп кеткен бір бөлігі Үйсін руының өкілдері. 1740 жылдары патша өкіметі өзара алауыздықтың кесірінен онсыз да ыдырай түскен ноғайларға қатты қысым көрсетеді. Ұлт ретінде жойылу, шоқыну қаупі туғаннан кейін, Дойнаш батыр бастаған ноғай батырлары Кіші жүз ханы Нұралымен келіссөз жүргізеді. Нұралы хан ноғайлардың Кіші жүзге көшіп келуіне қарсы болмайды. XVIII ғасырдың орта шенінде (1750 жылдары) 25 үй көшіп, Кіші жүзге жетеді. Қазақ арасына Ноғайдың он рулы Оймауыт тайпасынан төрт руы көшіп келеді, олар – Үйсін, Құлақ, Қияс, Қосын. Ноғай-қазақтар 1801 жылы Бөкей сұлтанмен бірге түгелдей Еділ мен Жайық аралығына көшеді. Олардың саны күрт өсіп, 1829 жылы – 500, 1889 жылы 2000 түтінге жетеді. Ал 1926 жылғы Кеңес өкіметінің санағы бойынша Орал округінде (Талов, Жәнібек, Орда, Азғыр болыстарында) ноғайлар басқаратын 5696 шаруашылық отбасы болған. Ноғайлардан ел басқарған, өнерімен топты жарған көптеген белгілі адамдар шыққан.

Зәкәрия Ерғалиевтің бесінші ­атасы – жоғарыда аталған Дойнаш батыр. Ол ноғай жұртының Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы қонысты мекен еткен Оймауыт тайпасының белді ­батыры, қол бастаған сардары болған. Қос өзен аралығына шығыстан қалмақтардың қоныстануы және Жайық бойына жалдамалы орыс казактарының келуі аймақты айқас алаңына айналдырады. Іргесі сөгілген Ноғай жұртының бір бөлігі ­Дойнаш батырдың бастауымен қазақтың Кіші жүзінен пана табады.

Кейіпкерімізден өрбіген ұрпақтары жөнінде айтар болсақ, Зәкәрия Ерғалиевтен тараған ұрпақтары бүгінде үлкен әулетке айналды. Ұлдары Ғатауолла, Сәлім және қызы Сәлимадан бүгінгі күні 22 немере, жүзден астам шөбере мен шөпшектер тарап отыр. Қазіргі таңда ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі қызметтер жасап, іргелі салаларда еңбек етіп келеді. Соның ішінде ұлағатты бабасының жолын қуып, ұстаздық еткен ұрпақтары да жетерлік.

Зәкәрия Ерғалиев өз дәуірінің білім беру және шәкірт тәрбиелеу саласындағы білікті ұстазы, кәсіби ­маманы ­болды. Өткен ғасырдың басындағы үш билік ауысқан алмағайып заманда да, қылышынан қан тамған қызыл террордың тұсында да өзінің адал ісіне бекем болып қала берді. Соңынан шам алып түскен, «байдың ұрпағысың», «алаш өкілдерімен қатынаста болдың» деп тағылған негізсіз айыптаулар, қудалаулар, қызметінен шеттету, сенімсіздер тізіміне қосу шаралары адал ұстаздың атына кір келтіре алмады. Өмірінің соңына дейін діні мен тіліне бекем болды, ішкі дүниесінің тазалығын, парасат-пайымын жоғары ұстап өтті.

Ең өкініштісі сол, ілімі мен ғылымының мол мұрасы аласапыран кезеңде жоғалып, көп бөлігі сақталмай қалды. Бұл да – сорақы кезеңнің солақай саясатының көрінісі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген халықтың керемет мақалы бар, ұлағатты ұстаз, халық мұғалімі Зәкәрия Ерғалиевтің өмір жолы мен бағалы еңбектері өзінің зерттеушісін табады деп сенеміз. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында ұстаздың әлі талай халқымыздың игілігіне жарайтын құнды дүниелері ашылары хақ!

Ернар ҰСТАҒАЛИЕВ,
тарихшы

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://www.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!