30 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Версия для слабовидящих
Присоединяйся:

Новости и объявления

30 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ ЖАРЫҚ КӨРДІ

13 августа, 19:57

 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кезекті 30 оқулық таныстырылды 

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып басылған жаңа 30 оқулықтың таныстырылымы Орталық коммуникациялар қызметі негізінде өтті.

 «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы 2017 жылдан бастап іске аса бастады. 2017-2019 жылдарды қамтыған бірінші және екінші кезеңде философия, әлеуметтану, психология, лингвистика, әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану, дінтану, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, инновация және медиа салалары бойынша 47 оқулық аударылып, еліміздегі 132 жоғары орындарына жеткізілді. Аталған оқу құралдары Қазақстандық гуманитарлық білім мазмұнын түбегейлі түрде жаңартуға жол ашты.

Биылғы жылы іске асқан жобаның үшінші кезеңінде қазақ тіліне 30 жаңа оқулық аударылды. Оқулықтардың жаңа топтамасы кинотану, театртану, өнер, этика, эстетика, медиа, тарих, микро және макро экономика мен бизнес, жеке қаражат, саясаттану, сондай-ақ, азаматтық іс-жүргізу құқығы мен интеллектуалдық меншік құқығы, педагогика және статистика секілді салаларды қамтиды.

Еліміздің мәдени шығармашылық бағыттағы оқу орындарының ұсынысы бойынша, бұл жолғы аударма аясында кинотану, сценарий жазу, театртану, музыка тарихы мен өнертану бағытындағы оқулықтарға басымдық берілді. Өнер академияларынан келген ұсыныстарға сәйкес аталған өнер мен білім салаларында әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері таңдап алынды.

Атап айтсақ, француз философы Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдық, киноны философиялық шығарма тұрғысынан таныстыратын классикалық туындысы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. Сондай-ақ, жаңадан аударылған оқулықтардың ішінде кино мен телевизия мамандары үшін аса құнды болар «Киносценарий. Сценарий жазу негіздері» деп аталатын оқу құралы бар. Классикалық негіздегі бұл оқу құралы концептіден дайын сценарий шығаруға дейінгі сатылы нұсқаулық ұсынады. Оқулық 30 рет қайта басылып, әлемнің 20-дан аса тіліне аударылған. Ал кино өнерінің белгілі теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» еңбегінің зерттеу аясы аса ауқымды. Ол классикалық кинодан бастап, заманауи кино теориясына дейінгі негізгі ұғымдарды толық қамтып, сала туралы жан-жақты түсінік қалыптастырады. Тағы бір ерекше атап өту керек оқулықтардың бірі – Д.Бордуэлл бастаған авторлардың қырық жылдық ізденісінен туған «Кино өнеріне кіріспе» туындысы. Сондай-ақ, Томас Эльзессер мен Мальте Хагенердің «Кино теориясы. Сезім тұрғысынан кіріспе» деп аталатын еңбегі кино табиғатын көрермен мен экран арасындағы байланыстың түрлі ерекшеліктері арқылы зерттейді.

Музыкатану бағытында Кембридж университетінің баспасы дайындаған «Музыка тарихы» деп аталатын екі томдық жинақ қайта өрлеу кезеңінен постмодернге дейінгі музыка тарихын жан-жақты қарастырып, түрлі халықтардың музыка тарихынан хабар береді. Ал кейінгі жылдары жеке гуманитарлық пәнге айналған Кристофер Балмның «Театртану» оқулығы театр өнерін түрлі мәдени және тарихи астар арқылы түсіндіруге арналады. Театрдың аса күрделі табиғаты мен оны түрлі көзқараста зерттеу мүмкіндігін көрсетуге ден қойылған.

Белгілі ғалым, жазушы, ұзақ жылдар Ресей ғылым академиясы Әлем әдебиеті институтының теория бөлімін меңгерген Юрий Боревтің «Эстетика» еңбегі заманауи эстетиканың негізгі мәселелерін жан-жақты талдайды.

Медиаға арналған мәтін жазу қағидаларымен таныстыратын «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» оқулығы да алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Бұл еңбек оқырманға телевизия, радиомен қоса, онлайн медиаға мәтін жазудың өзіндік тәртібі мен ережелерін қарапайым әрі жүйелі түрде түсіндіреді.

Тарихи білім саласы бойынша бірқатар үздік еңбектер қамтылды. Тарихи білімнің кәсібилену процесін кешенді түрде зерттеген «Тарих білімінің тарихы», тарихи-антропологиялық бағыттағы ізденістерді топтастырған «Тарихи антропология», әлемнің этностық бет-бейнесімен таныстыратын «Тарихи этнология» оқулықтары жарық көрді.

Заң және құқықтану салаларын қамтитын бірқатар маңызды оқу құралдары да бар. Танымал ағылшын заңгері, құқықтанушы Нил Эндрюстің 2 томнан тұратын «Азаматтық іс-жүргізу: Сот өндірісі», «Азаматтық іс-жүргізу: Медиация және арбитраж» оқу құралдары, ағылшын келісімшарт құқығы тақырыбына арналған «Келісімшарт ережелері» атты оқулығы азаматтық іс жүргізу, медиация, арбитраж, ағылшын келісімшарт құқығы туралы жан-жақты ақпарат береді. Оксфорд университеті баспасынан шыққан 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы» оқу құралы авторлық құқық, патент, тауар белгісі тақырыптарына шолу жасайды. Бұл – зияткерлік меншікті қорғау тәртібі мен қазіргі халықаралық тәжірибеге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш кешенді оқу құралы.     

Этика саласы бойынша курс оқып жүрген студенттерге, сондай-ақ, жаһандық мәселелердің этикалық негізін танып-білуге қызыққан оқырманға арналған «Этика теориясы мен қазіргі мәселелері» оқулығының 9-басылымы, танымал философ ғалым Джонатан Уолфтың «Саясат философиясына кіріспе», Оксфорд баспасынан шыққан «Әлемдік саясаттың жаһандануы: халықаралық қатынастарға кіріспе» туындыларын студенттер жаңа оқу жылынан бастап қазақ тіліне оқиды.

Аударылған еңбектердің ішінде өте жылдам өзгеріп жатқан білім саласының соңғы жаңалықтарымен таныстыратын «Білім берудегі зерттеулер», бұған дейін қазақ тіліне аударыла қоймаған «Статистика негіздері»«Зерттеу жобасын жүргізу» оқулықтары да бар.

Экономика және жеке қаражат бағытында білім беруге қажетті оқулықтар қатарына Майкл Паркиннің «Макроэкономика»«Микроэкономика» еңбектері қосылды. Сондай-ақ, Е.Томас Гарман мен Рэймонд Е.Форгтың әрбір адамға жеке бюджетін жоспарлап, оны тиімді басқаруды үйрететін «Жеке қаражат» оқулығының 13-басылымын ерекше атап өту керек. Бұл еңбек Қазақстан жағдайына арнайы бейімделіп, біздің заңдар, қазақстандық қаржы және несие жүйесі, зейнетақы, сақтандыру, инвестициялар тәжірибесіне сәйкес қайта құрастырылды.

Мұның барлығы – ондаған тілге аударылған, әлемдік гуманитарлық білімнің дамуына зор үлес қосқан, әрқайсысы өз саласында жаңа ұғымдар жүйесін қалыптастырған айтулы еңбектер. Бұл оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық жоғарғы мектеп пен ғылыми ортаның күшейуіне, терминологияны біріздендіріп, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ.

Жоғарыда аталған 30 оқулықтың әрқайсысы 10 мың дана басылыммен шығарылып, еліміздегі 132 ЖОО-ға таратылады. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілді.

Сондай-ақ, аударылған және аударылып жатқан оқулықтардың негізінде қазақ және орыс тілдерінде мультимедиалық онлайн курстар әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына жүктелді. Курстарды дайындауға еліміздің үздік университеттерінің оқытушылары мен профессорлары атсалысты.

Аударма және басылымдарды дайындау жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тәжірибелі аудармашылар, тілшілер мен әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар, жалпы саны 300-ден аса маман қатысуда.        

Жоба аясында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнаған.

Жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры

Ruh.kz

другие статьи