"Ана тілінде тәрбие алуы керек": Аймағамбетов ауқымды өзгеріс болатынын мәлімдеді
Присоединяйся:

Новости и объявления

"Ана тілінде тәрбие алуы керек": Аймағамбетов ауқымды өзгеріс болатынын мәлімдеді

5 сентября, 23:05

Білім және ғылым министрі ведомствоның қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты қолға алған жұмыстарына тоқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. 

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның сөзінше, министрлік білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгерістер енгізіп жатыр.

"Атап айтқанда, енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында: "Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс" деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады", - деді білім және ғылым министрі.

Одан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады.

"Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз. Өздеріңізге белгілі, "Әліппені" мемелеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз", - деді Аймағамбетов. 

Оның қазақ фонетикасын жетік меңгерген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалып жатқаны белгілі болды. Отандық ғалымдар мен баспагерлер қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасы қоғаммен бірге талқыланбақ.

Сондай-ақ, мектепте қазақ әдебиетін оқыту әдісі қайта қарастырылады екен. Бұл мәселе бойынша мемлекет басшысының тапсырмасы бар, деді министр.

"Әдебиетші ғалымдардың, білікті ұстаздардың, осы сала мамандарының басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ", - деді ол.

Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады.

Аймағамбетовтің сөзінше, министрлік әрқашан қазақ тілі мен әдебиетінің дамуын басты назарда ұстайды. 

Алдағы уақытта білім министрлігіне бұрынғыдан екі есе үлкен жауапкершілік жүктелмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап тіл комитеті білім және ғылым министрлігінің құрамына кіреді. Министрлік тәрбие мен білімді, ғылымды дамытумен қатар тіл саясатын да жүргізеді.

"Мемлекеттік тіл саясаты балабақшадан бастап университетке дейін дұрыс жолға қойылу керек", - деп түйіндеді министр.

Еске сала кетсек, осыған дейін білім және ғылым министрлігі бірнеше жоғары оқу орнының лицензиясын тоқтатты. Себебі қайта тексеру кезінде тағы тәртіп бұзушылықтар анықталған.

другие статьи