Слабовидящим
Поиск

Полезно знать

Абай философиясы

12 августа, 13:58

ҚР Үкіметінің Қаулысына сай, бүгін – Қазақстанда Абай күні. Президент Тоқаев бұл күн қазақ халқының Абайды тану арқылы рухани толысып, қоғамдық санасы дамуы үшін аса маңызды деген еді. Ендеше ойшыл Абайдың философиясы, өмір призмасы қазіргі уақытта қалай астасып жатыр? 

Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді.

Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.

Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.

Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді. Сонымен, жетілудің негізі – женді, жүректі жетілдіру екен. Бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз. Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ. Абай ілімі осылай әркімнің өмірінің мәнін ашып, оның келешектің жарқын жолына шығуына мүмкіндік береді.

Ақын мұрасында бір жүйеге түсірілген көзқарасын тұжырымдайтын арнайы философиялық шығармасы жоқ. Дегенмен, Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында ”… адам мен адамгершілік, ар, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз.

Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды: "…өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды" (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А. , 1969, т.15 , 141-б.).

Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, нақтырақ айтқаңда И.М.Сеченов пен К.Д.Ушинский еңбектері маңызды қызмет атқарды. Ақынның дүние-танымына сол кезеңде Семейде тұрған, саяси аударылған адамдарымен достығы игі әсерін тигізді. Олардың арасында Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов т. б. демократтардың идеясында тәрбиеленген алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері бар еді.

Абайдың көптеген өлеңдерінде терең философиялық ойлары, табиғатқа, таным, ақыл жайлы толғаныстары көрініс тапқан: "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес", "Көк тұман – алдыңдағы келер заман" т.б,  қара сөзбен жазылған "Ғақлиялары" – ақынның философиялық көзқарасының мәйегі, өзінің мәні мен тұжырымдарының тереңдігі жағынан ұлттық мәдениет шегінен әлдеқайда асып түсіп жатқан маңызды мұра. Бұл "Сөздер" қазақ хапқының сан ғасырғы тәжірибесінен (мәдениет, тарих, дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттер т. б.), адам және адамзат туралы ойларынан сусындаған.

Абай Жетінші сөзінде: "Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады… Біреуі білсем екен демеклік. Дүниенің көрінген Һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды", – дейді ойшыл-ақын.

Адамды дәрменсіз, әлсіз жан иесі деп қарайтын діни ілімдерге қарама-карсы ойшыл-ақын адамды белсенді, саналы, жасампаздық қызмет атқара алатын қуатты күш деп санайды. Абай сананы, "өз рухын" адам надандыққа қарсы күресте, қажырлы еңбек арқылы үнемі нығайтып отыруы керек деп есептейді. Бір жағынан "сана ерікпен бірігуі қажет", екінші жағынан – сана мен еңбек әрқашанда бір жерден көрінуі керек. Ары таза, еңбекқор, білімді адамдар үшін табиғат құпияларын танудың шегі жоқ. Ақын білімді адам құбылыстар мен заттардың өзінен бұрынғы беймәлім жаңа қырлары мен қасиеттерін тануға кең мүмкіндік алатынын атап көрсетеді. Ол ғылымды: "Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен болады", – деп қарады.

Әлемді тануға құштарлық адамның бойына біткен табиғи қасиеті деп есептеді ойшыл. Бірақ, оның бұл мүмкіншілігі үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Бала рухани қасиеттерін жетілдіру үшін оның өзін қоршаған ортамен, оның қасиеттерімен, адамдардың қызметімен танысуы керек.

Адам табиғат құбылыстарының құпияларын ұғу немесе соған байланысты белгілі бір дәрежеде жорамал жасау арқылы өзінің қызметін нығайта түседі: "Дүниенің көрінген Һәм сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады". Дегенмен, ол қоршаған ортаны тануға болатындығын мойындай отырып, сонымен қатар таным қызметінің мүмкіндіктері шектеулі екенін, барша танымның толық аяқталмайтындығын да ескертеді. Ол мұның себебі материалдық әлемнің шексіздігі мен таусылмайтындығында, бітпейтіндігіңде деп біледі: "Бұл ғаламды көрдің, келісті керімдігіне және қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне ғажайып ықыласың және ақылың жетпейді".

Данышпан нұсқаған жолмен жүріп, оның өсиеттерін бұлжытпай орындаған адамның жан сарайы күннен-күнге тазарып, кемелденудің биік деңгейіне шыға алады.

Дереккөзі: massaget.kz

другие статьи

Чат-бот
Нашли ошибку?
Нашли ошибку?
Страница
https://www.soyle.kz/article/view
Ваше имя
Почта или телефон
Пожалуйста опишите вашу проблему или идею
прикрепить файл
отправить
Спасибо за обратную связь!